Алматыда мигранттар құжатын жылдам әзірлейтін орталық ашылды

Алматыда мигранттар құжатын жылдам әзірлейтін орталық ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда мигранттарға қызмет көрсету орталығы ашылды. Табыс табуға келген шетелдіктер бұдан былай кезекке тұрмай барлық құжаттарын бір терезе қағидасы бойынша ала алады. Алматыға шекара асып келетін шетелдік жұмыс күшінің артуын ескерсек, орталықты ашу маңызды дейді мамандар.  

Алматыға табыс табуға келген шетелдіктер ұзын-сонар кезек пен қағазбастылықтан арылды. Олар үшін бүгіннен бастап көші-қон қызметтер орталығы өз жұмысын бастады. Мұнда медициналық тексерістен өтіп, сақтандыру полисін, салықтық рұқсаттамаларды алуға, тіпті саусақ іздерін қалдыру секілді жұмыстарды жасай алады. Орталықтың алғашқы келушілерінің бірі өзбекстандық Ильхам Отабаев. Шекара асып келген мигрант тиісті құжаттарын алу үшін бұрын бірнеше күнін жұмсағанын айтады.  

«Өзбекстан азаматымын, Қазақстанға жұмыс істеуге келдім. Бұрын миграциялық комитетте құжат алу үшін 5 күндей уақытымыз кететін. Қазір міне, таныстарымның кеңесі бойынша келіп тұрмын. Бүгін осы ХҚО-да барлық құжаттарымды жинап алдым. Көп рахмет. Бір-ақ күн уақытым кетті», – дейді Ильхам ОТАБАЕВ.

Орталық енді ашылғандықтан, мұнда әзірге бір ғана қызмет түрі көрсетіледі. Жақында көші-қон полициясы атқарып келген 17 қызметі қосылмақ. Мигранттарға 31 маман көмек көрсетеді. Олардың айтуынша, шетелдіктердің 80 пайызы көрші өзбек елінің азаматтары.

Айта кетейік, бұл республика бойынша ашылып отырған үшінші орталық. Көші-қон қызметтерін ұсынатын осындай мекеме Астана мен Шымкент қаласында бар.  

«Қалаға келген мигранттар өздерінің тіркелу, тіркелуін ұзарту, жұмысқа рұқсат алу сияқты жұмыстарын бітіре алады. Осыған дейін қала мигранттары бірнеше мекемеге барып, медициналық болмаса салық мәселелеріне байланысты, ЖСН алу сияқты қызметтерді әртүрлі мекемелерде бітіріп, жүгіріп жүретін болса, ал енді бір күнде бір сағаттың ішінде, бір жерден бітіруге мүмкіндік алып отыр», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы қаласы бойынша бөлімшесінің PR-менеджері Жаңыл ӘПЕТОВА.

Орталықтың Алматыда ашылуы кездейсоқтық емес. Себебі, соңғы жылдары шетелдік жұмыс күшінің саны едәуір артқан. Жыл басынан бері көші-қон мәселелері бойынша 50 мың қызмет түрлері көрсетіліпті. Ал жаңа қызмет көрсету орталығы күніне мың жарым адамды қабылдауға қауқары бар екен. Ол Алатау ауданының Атлетикалық ауылында орналасқан. Заманауи орталық бір айдан соң Наурызбай ауданында да өз жұмысын бастайды деп күтілуде.


Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров