Алматы зообағынан ұрланған 32 млн теңге есепшіден өндірілмейді

08.12.2017 22:58

Алматы хайуанаттар бағы ұрланған 32 млн теңгені есепші Марина Назаровадан өндіріп алмайтын болды. Ешкім күтпеген мәлімдемені сотта зообақтың заңды өкілі мәлімдеді. Бұл шешімдерін олар тергеу жұмыстарының салғырт жүргізілгенімен түсіндірді. Бірақ соған қарамастан мекеме мемлекеттік болғандықтан прокурордың қолды болған үкіметтің қаражатын қайтарып алуға құқығы бар. Сондықтан айыптау актісіне өзгерістер енгізіп, қажетті құжаттарды дайындайтын болды. Істің жарыссөзі бүгін өтеді.

«Ешқандай тараптан қысым болған жоқ. Осыны дұрыс түсініңіздер! Ақшаны қайтарып алуға тек енді мемлекеттік айыптаушының ғана құқығы бар. Мен азаматтық арызды беру кезінде зообақтың заңды өкілі болып бекітілгенмен. Істің қаралуы кезінде шикіліктер орын алды деп ойлаймын. Дәйектерді тексеруге тиісті уақыт берілмеді», - деді «Алматы хайуанаттар бағы» МҚК заңды өкілі Бағлан ЖАҚЫПОВ.

Ал артылған кінәні айыпталып жатқан Марина Назарова толықтай мойындамай отыр. Айта кетейік, қылмыстық істі қарау барысында күдіктінің еңбек демалысы кезінде де зообақтан ақша ұрланғаны белгілі болған. Қолды болған 600 мың теңгенің сұрауы бар. Қазір оны барымталаған есепшілер бойынша бөлек тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бірақ атышулы істің фигуранттарының есімі әлі белгісіз.

«Сотта менің қорғауымдағы есепшінің кінәсі дәлелденген жоқ. Келген куәгерлер де оның қылмысты жасаған сәтін көрдік деп нақты айта алмады. Бастапқыда оған ақшаны өзі ғана ұрлады деген айып тағылды. Кейін істі қарау барысында құпия сөздің басқа есепшілерде де болғаны белгілі болды. Енді алдын ала келісіммен қылмысты топ болып жасады деп айыпталып жатыр. Бірақ прокурор сотқа осы бойынша дәлелдер әкелген жоқ», - деді Марина Назарованың қорғаушысы Бауыржан КӨШЕРБАЕВ.