Алматыда 22 жастағы бойжеткен жер үсті өткелінен құлап, қаза тапты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 22 жастағы бойжеткен жер үсті өткелінен құлап қаза тапты.  Жантүршігерлік оқиға кешкі 9-дарда Момышұлы көшесінің бойында болған. Көпірден құлаған қыз Алматының тумасы екен. «Алғабас» ықшамауданында отбасымен тұрып жатқан. Оның жылап, секіруге оқталып тұрғанын маңайдан өтіп бара жатқан екі қыз көріпті. Бірақ бойжеткенді өлімнен арашалап қалуға үлгермеген. Қыз қас-қағым сәтте жерге құлап түскен екен. Осы сәтте Момышұлы көшесімен оңтүстік бағытқа қарай кетіп бара жатқан «Хюндай» маркалі автокөлігі бойжеткеннің үстінен таптап өтіпті. Ауыр соққыдан қыз оқиға орнында бірден жан тәсілім еткен. Ал темір тұлпардың тізгінінде 24 жастағы жігіт отырған.

Қазір жантүршігерлік оқиға суицид ретінде саралануда. Ішкі Істер департаментінің мәлімдеуінше, бойжеткен өткелден секірмес бұрын үйінен туған әпкесімен жанжалдасып шыққан екен. Сондай-ақ қыздың жүйке ауруына шалдығып, 2006 жылдан бері арнайы есепте тұрғаны анықталған. Десе де, қазір тиісті сараптама тағайындалды. Егер қыздың өлімі көлік соққысынан келген болса, онда жүргізуші жаза арқалауы бек мүмкін.

«Бойжеткеннің өлімінің нақты себеп-салдарын анықтау мақсатында сот медициналық сараптама тағайындалды. Міндетті түрде тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады. Егер өлімнің себеп-салдары автокөліктің соғуынан деп сот-медициналық сараптама көрсететін болса, онда жазаға тартылады», - деді ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.


Новости партнеров