Алматыда 3 адвокат лицензиясынан қағылмақ

12.10.2017 20:44

Алматыда 3 адвокат лицензиясынан қағылмақ. Әділет министрлігі өз қызметтеріне салғырттық танытқан қорғаушылардың үстінен сотқа арыз түсірген. Күдікке іліккендер 5 айыпталушыны сотта тегін қорғаулары тиіс еді. Оларға күдіктілердің тарапы емес, әділет министрлігі ақы төлейтін болған. Алайда, әлгі адвокаттар сот процесі кезінде шет мемлекетте жүріпті. Министрлікке есеп бергенде, күдіктілермен тиісті жұмыс атқарылды деп мізбақпаған. Осы бассыздықтан кейін, ведомство өкілдері адвокаттардың үстінен сотқа арызданды. Күдіктілердің ісі бүгін қаралуы тиіс еді. Алайда сот отырысы кейінге шегерілді.            

¤«Тексеріс нәтижесінде, адвокат Жақсылық Қуаныштың заңға қайшы әрекет жасағанын анықтадық. Ол тергеу амалдары кезінде күдіктіге тағылған айыппен танысып, оған тиісті заңдық көмек көрсетілгенін айтқан еді. Шынтуайтына келгенде, тергеу жүріп жатқанда ол адвокат өзге мемлекетте жүріпті. Біз мұндай сорақылыққа барған тағы 2 қорғаушыны анықтадық. Олардың үстінен сотқа арыз-шағым берілді. Өз істеріне салғырт қарайтын мұндай мамандарды лицензиядан қағу керек», - деді Алматы қаласы Әділет Департаментінің бас маманы Қарлығаш ШӘКІРБЕКОВА.

¤Алматылық адвокаттар соңғы сегіз айда 10 мыңнан аса істі тегін қарапты. Олардың қызметіне Әділет министрлігінен 938 млн теңге бөлінген. Жалпы, адвокаттардың дені көбіне жауапкершілікке тартылмайды. Соңғы 2 жарым жылда қорғаушылардың жұмысына қатысты небәрі 553 шағым болыпты. Оның 109-ы ғана қаралған. Қалғандары адвокаттардың пайдасына шешілген.