Алматыда 47 жыл бойы донор болған қария Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін

Алматыда 47 жыл бойы донор болған қария Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық Александр Скаковский 600 литр қан тапсырған. 47 жыл бойы донор болған қария Гиннестің рекордтар кітабына кіруге бір табан жақын. Ол австралиялық Джеймс Харрисонның нәтижесінен небәрі 75 донацияға қалып отыр.

Александр Скаковский қан орталығына баруды дәстүрге айналдырған. Онда аптасына бір рет жол тартып, жарты литр қан өткізеді. Осы уақытқа дейін ол 600 литр қан тапсырыпты. Зейнеткер ең алғаш қан тапсырғанда 25 жаста болған. Мейірімді ісі арқылы сәбидің өмірін құтқарып қалған. Александр Скаковскийдің арқасында аман қалған сәби қазір 50 жасқа келіпті.

«Донор салауатты өмір салтын ұстануы тиіс. Әсіресе қан тапсыру алдында тұтынатын тағамға мән беру керек. Қан тапсыруға бірнеше күн қалғанда майлы, сүрленген, ащы тамақтан да бас тарта тұрған жөн. Сонымен қатар спирттік ішімдікті мүлдем ішуге болмайды»,-деді ҚР құрметті доноры Александр СКАКОВСКИЙ.  

Қан тапсыру бойынша әлемдік рекорд австралиялық Джеймс Харрисонның еншісінде. Ал біздің құрметті донор екінші орынға жайғасқан. Александр Скаковксий рекордсменнен 75 донацияға артта қалып отыр. Ол бүгінге дейін 1098 рет қан тапсырыпты.  72 жастағы отандасымыз ең бастысы рекорд жаңарту, бірінші болу емес, игілікті іспен айналысу дейді.

«Мен өтеусіз қан тапсыратын болғандықтан, орнына ешнәрсе талап етпеймін. Адамдардың өміріне араша түскеніме қуанамын»,-деді ҚР құрметті доноры Александр СКАКОВКИЙ.  

1971 жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып жүрген қария талай азаматтың өміріне араша түскен. Осы уақытқа дейін нақты қанша адамға көмек бере алғанын анықтап сұрамапты. Дәрігерлердің сөзінше, қанды жиі тапсыру денсаулыққа пайдалы. Бір аптада ағза толығымен қалыпқа келетін көрінеді.

«Қарт донор өзге қазақстандықтар үшін үлгі. Өйткені әрбір адам мұндай қадамға бара бермейді. Донор болудың адамға, ағзаға зияны жоқ екендігін, керісінше пайдалы екендігін осы Александр Скаковскийге қарап айтуға болады»,-деді Республикалық қан орталығы директорының орынбасары Саида АРЫСПАЕВА.

Еліміздің құрметті доноры тек отандастарымызға ғана емес, өзге елдің азаматтарына көмегін тигізген. Көбіне қан ядроға қарсы «Невада-Семей» қорына жіберілген. Сондай-ақ Чернобыль және Арменияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге де жөнелтіліпті. 

Периза Көмекбайқызы, Ромина Макаримова, «Алматы» телеарнасы .


Новости партнеров