Шілденің 14-і күні Алматыда осы жылғы алғаш рет түнгі велошеру өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ақпараттық және спорттық ХАБ-қа сілтеме жасап.
«Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында өтетін велошеру қашықтығы 7 шақырымды құрайды. Велошеруге қатысқысы келетін барлық қала қонақтары мен тұрғындары «Нұрлы Тау» бизнес орталығына кешкі 20:00-де жиналуы тиіс. Спорттық шара 20:30-да басталады.
Әуесқой велошабандоздар әл-Фараби даңғылымен көтеріліп, Тұңғыш Президент саябағында мәреге жетеді. Мәреде қатысушылард арасында бағалы сыйлықтар ойнатылады. Басты сыйлық – велосипед.
Қатысушыларға арнайы бас киімсіз (шлемсіз) қатысуға тыйым салынады.
Айта кетерлігі, бұл велошеру «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының қолдауымен 2018 жылы жоспарланған 21 шараның 10-шысы саналады.