Алматыда «Алмас Қылыш» фильмінің тұсаукесері өтті

21.12.2016 16:33

Алматыда «Алмас Қылыш» фильмінің тұсаукесері өтті. Шытырман шығарма Керей мен Жәнібектің қазақ хандығын құру тарихын суреттейді. «Қазақ елі» сериалының жиынтығы саналатын бұл туынды ресми түрде қаңтардың 5-інен бастап еліміздегі барлық кинотеатрларда көрсетіле бастайды. Ал, телехикаяның толық нұсқасы көзі қарақты көрермен назарына алдағы уақытта ұсынылмақ.

Қазақ Хандығының 550 жылдығына арнап түсірілген тың туынды - ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту ретінде көрсетілді. Бес ай көлемінде түсірілім алыңында тер төккен бес жүзге жуық адам барын салып, 15 ғасырдың орта тұсынан сыр шертетін Қазақ Хандығының құрылу тарихын таспалған. Қалың қазақ көптен күткен «Алмас қылыш» кинодастаны 10 сериядан тұратын «Қазақ елі» телехикаясының кинонұсқасы. Фильм режиссері - Рүстем Әбдрашев. Ал, идея авторы - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

«Есенберлиннің үш томдық «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас Қылыш» кітабінің желісі негізге алынып жазылды сценарий. Оны Елбасының өзі қолдап, құптап, қарап, кино түсірілімі басталар алдында бірінші күні келіп, тұсауын кесіп, батасын берген болатын», - деді режиссер Рүстем ӘБДІРАШ.

Кинодастанның желісінде дала данышпаны Асан қайғының ұлы көшке себеп болған қазақтың басынан өткенді есіне ала отырып, баяндағаны көрсетілген. Көркем фильмде Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, қазақ руларының құрылтайын өткізгеннен кейін жер жәннаты - Жетісуда өз ұлысын құрғаны жайлы баяндалады. Фильм режиссерінің айтуынша, Есенберлиннің кітабы Кеңес Одағының қатаң режимінде жарық көргеннен кейін көп ақпар алынып тасталған. Сценаристердің толықтыруынан кейін 15 ғасырдың ортасындағы оқиға көркем суреттеліп, осы уақытқа дейін айтылмай келген ақиқаттың көбі көрініс тапқан.

«Егемендігіміздің 25 жылдығының өзі көп нәрсені аңғартады. Мына болып жатқан бүгінгі жаңалық сол ұлы арнадан бастау алған дүниелердің бірі. Сол егемендігіміз қалай келді?! Мына пәленбай шаршы мың километр жер қазаққа аспаннан түскен жоқ. Қаншалықты біздің дарабоздарымыз қан төкті. Міне сол туралы, елдігіміздің, егемендігіміздің үлкен белгісі ретінде болатын белгі болғалы тұр.», - деді  Әбілқайыр Ханның рөлін сомдаған актер Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ.

Фильм түсірілімі отыз түрлі алаңда жүріп, көбіне Алматы мен Алматы облысы аумағында өтті. Суретшілер «Қазақфильм» киностудиясында Шайбаншахтың сарайын тыңнан құрып шығарды. Жалпы фильмнің түсірілім барысында түрлі қиындыққа тап болып, көрсетелім уақыты кейінге шегерілсе де, тұсаукесерден шыққан көрерменнің көбі көркем фильмге көңілі толғанын жеткізді.

Әнуарбек Жәлел, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы