Алматыда "Алтын белгі" иегерлері марапатталды

Алматыда "Алтын белгі" иегерлері марапатталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда "Алтын белгі" иегерлері марапатталды. Озат түлектерге тиісті марапатты қала басшысы Бауыржан Байбек пен Білім және ғылым министрінің орынбасары табыстады. Биыл қала мектептерінен 7 мың 263 оқушы түлеп ұшқан. Олардың 413-і алтын белгі иегері, тағы 627 шәкірт үздік аттестат алды. Олар білім беру жүйесіндегі биылғы өзгерістерге сәйкес, әуелі емтихан тапсырған. Озат екендерін сол сынақта дәлелдепті. Енді, ұлттық біріңғай тест тапсырады. Осы жылы Алматыдан әлгі сынаққа 6 мың 720 оқушы қатыспақ. Айта кетейік, шаһар шәкірттері 12 жыл қатарынан республикалық олимпиадада бірінші командалық орынды иеленуде. Олар жыл сайын халықаралық байқауларға да қатысып тұрады. Биылдың өзінде оқушылар 59 алтын, 75 күміс пен 90 қолаға қол жеткізген. 

«Алматы қаласы әр түрлі халықаралық, Республика бойынша өтетін байқаулардың әрқашан жеңімпазы болып табылады. Соңғы 5 жылда ҰБТ көрсеткіші бойынша Алматы алда келеді. Мен ойлаймын, мына біздің балаларымыздың арқасында Алматы болашақта да үлкен жетістіктерге жетеді»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Алматыда тек соңғы 5 жылдың ішінде білім саласын қаржыландыру 15 млрд теңгеге өсіп, 62,7 млрд теңгеге жеткен. 88 жаңа мектеп іргесін қалап, кейбірінің жанына қосалқы ғимарат тұрғызылған. Еске салайық, былтыр Алматыда 254 түлек "Алтын белі" алған еді. 300 оқушы үздік аттестаттың иегері болған еді. 

Новости партнеров