Алматыда аудан әкімдерінің шыршасы өтті

26.12.2016 14:22

Алматыда аудан әкімдерінің шыршасы өтті. Алып шаһардың 4 бірдей ауданында шырша тойы ұйымдастырылып, оған жетім балалар мен ата-ана құқығынан айырылған балалар, айрықша қажеттіліктері бар балғындар мен дарынды бүлдіршіндер шақырылды. Мерекелік кешке жиналған жасөспірімдердің барлығына сыйлықтар үлестірілді.

Медеу ауданының әкімі әсем безендірілген шыршаны өз қолымен жағып, бүлдіршіндерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Аудан әкімшілігі бүлдіршіндерге арналған шырша тойын Оқушылар сарайында өткізуді дәстүрге айналдырған. Биыл мұнда жиылған балалардың саны 1200-ден асады. Олардың құрметіне ертегі кейіпкерлерінің қатысумен театрландырылған қойылым сахналанды. Кішкентай қонақтар Аяз ата мен Ақшақармен бірге ән айтып, би биледі. Мереке соңында бүлдіршіндерге аудан әкімі атынан дайындалған арнайы сыйлықтар табысталды. Ал, шырша тойына келе алмаған 250 мүгедек балаға әкімдік тарапынан жасалған тартулар үйлеріне жеткізілетін болды.

Түрксіб ауданындағы жаңа жылдық кешке жалпы саны 1665 бала шақырылған. Олардың қатарында әлеуметтік аз қамтылған, жетім және мүгедек бүлдіршіндер де бар. Балғындардың көптігін ескерген аудан басшылары оларға шырша тойын кезек-кезекпен өткізуді ұйғарыпты. Осылайша, биыл Түрксіб ауданы әкімінің шыршасы 9 рет ұйымдастырылмақ. Мерекелік шараға жиылған бүлдіршіндердің де қарасы көп. Олар ертегі кейіпкерлерінің қойылымдарын көріп, қызықты ойындар ойнады.

Наурызбайлық бүлдіршіндер үшін осы жылы ұйымдастырылған жаңа жылдық шырша ерекше есте қалмақ. Олар үшін Сац театрының сахнасында «Щелкунчик» қойылымы көрсетілді.  Қойылымды тамсана тамашалап шыққан балаларды театрдың кіре беріс жерінде түрлі ертегі кейіпкерлері мен Аяз ата, Ақшақар қарсы алды. Бүлдіршіндер олармен көңілді ойын ойнап, би билеп қайтты. Былтыр аудан әкімінің шыршасына 300 бала қатысқан болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш ұлғайған.

«Наурызбай ауданынан 500 жас бүлдіршіндер қатысып отыр. Ол 3 жастан 10 жасқа дейін өзіміздің мектептерден, бала-бақшалардан 500 бала келіп отыр. Оған қарамастан, біздің екі қоғамдық үй бар «Ақ үміт», «Перзент» деген, сол мекемелерден де келіп отыр балаларымен», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Балтөре ПІРӘЛИЕВ.

Дәл осындай мерекелік шырша Алатау ауданында да өтті. Бұл шараға да ерекше көңіл бөлуді қажет ететін балғындардан бөлек, белсенділік танытып, оқуда озат болған бүлдіршіндер де қатысты. Аудан бойынша, 1 мен 18 жас аралығындағы балалардың саны 57 мыңға жуықтайды екен. Әкімшілік сол балалардың барлығын қамтып, шырша тойына қатыстыруды мақсат етіпті. Биыл Алатау ауданынан Президент шыршасына 15 бала, ал, қала әкімінің шыршасына 150 бала қатыспақ.

Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы