Алматыда автобус жүргізушісін ұрған жігіт 10 тәулікке қамалды

22.01.2018 15:28

Алматыда автобусқа апаттық жағдай туғызып,  жүргізушісін жұрттың көзінше ұрған жігіт 10 тәулікке қамалды. Видеодағы кадрдан қымбат көлік тақымдаған жігіттің автобус жолағына шығып қана қоймай, жолаушылар өміріне қауіп төндіріп, кенеттен тоқтағанын көруге болады. Бұнысымен қоймай кедемсоқ жігіт қоғамдық көлік жүргізушісінің жағынан жұрттың көзінше салып жіберген. Алмалы ауданында болған бұл оқиғаның ақ-қарасын тексерген сақшылар 1985 жылғы Әбдіназаров атты азаматты ұстаған. Тұтқындалған жігітке төрт бірдей бап бойынша хаттама толтырылып, қымбат көлігі де айып тұрағына қойылды.

«1985 жылғы Алматы облысының тумасы қазіргі таңда әкімшілік кодекстің 4 бірдей бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық көлік жүргізушісіне жудырық жаудырғаны үшін ол соттың шешімімен 10 тәулікке қамауға алынды. Сонымен қатар, 2017 жылдың мамыр айынан бастап жол апатын жасағаны үшін куәлігінен айырылған болатын», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі  Салтанат ӘЗІРБЕК.