Алматыда Әйгерім ықшамауданы тұрғындары саршұнақ аязда сусыз отыр

Алматыда Әйгерім ықшамауданы тұрғындары саршұнақ аязда сусыз отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ісі олақ мердігерлердің кесірінен Әйгерім ықшамауданындағы тұрғындар саршұнақ аязда сусыз отыр. Өйткені, құрылыс компаниясы қарашаның қара суығында аталмыш ықшамауданға су және кәріз жүйелерін тартуды бастаған. Алайда, шаруасын аяқтамай қазылған шұңқырлардың бетін ашық қалдырыпты. Соның салдарынан халықтың күнделікті тіршілік нәрін тұтынып отырған құбырлары жарылып, істен шыққан.

Көпбалалы Кәрібековтер отбасы үш күннен бері ауыз судан тарығып отыр. Өйткені, олардың үйіне жалғанған су құбыры саршұнақ аязға шыдас бермей жарылып кеткен. Алайда, «мердігерлер олақтық жасамағанда, апаттың алдын алуға болар еді», - дейді мұндағы тұрғындар. Олардың айтуынша, қарашаның қара суығында "Комстроймонтаж" компаниясы, кәріз және су желісін тартамыз деген сылтаумен, көшелерін қопарып тастаған. Ал, 3 күннен соң жұмысшылар қайта төбе көрсетпепті. Тіпті қазылған шұңқырды да көмбей кеткен. Соның салдарынан жұрт жұтарға су таппай отыр. 

«Мен сусыз отырмын үшінші күн болды. Менің газ пешім қабырғада тұратын, оған мен ешқандай толықтыру бере алмаймын. Ауыз суды, ішіп-жеуді айтпағанның өзінде мен жылыну процесінен айырылайын деп тұрмын. Мен енді мамыр айына дейін қалай газсыз, сусыз отырамын? Менің 7 немерем бар. Қыздарым өзіммен бірге тұрады», - деді Ләйлә КӘРІБЕКОВА.

Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғын, жауапсыз мердігерлерге ақауды жөндетуге тырысыпты. Бірақ, онысынан нәтиже болмаған. Апат орнына тек бүгін ғана аяғы жеткен "Алматы су" мекемесінің жұмысшылары, жарылған құбырдан шыққан суды сорғызып әлек болды. Ал, ісі олақ компанияның бұл тірлігінен жергілікті әкімдік те хабардар екен. Бірақ, оларды жөнге салуға сөздері өтпеген шенеуніктер, енді мәселені тек айыппұлмен шешпек.

«1-2 күнде бүкіл жұмыстарын қайтадан жасап, барлық шұңқырларды жабатын болады. Қазіргі таңда «Комстроймонтажды» шақырттық. Енді табиғатты қорғау полициясын шақырып бірге 505 бап бойынша айыппұл  салып береміз», - деді. Алматы қаласы алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет ТОҚТАСЫНОВ.

Тиянақсыздық танытқан мердігерлер енді қомақты айыппұл арқаламақ. Дегенмен, олар бастаған істерін жазға дейін түгел бітірулері тиіс. "Комстроймонтаж" компаниясы қаланың энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен "Әйгерім" ықшамауданына 23 шақырым су, 15 шақырым кәріз желісін жасауы керек болатын. 

 Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров