Алматыда бас және мойын қатерлі ісігін жоятын ота жасалды

08.11.2017 22:25

Алматыда онкологтар бас және мойын қатерлі ісігін жоятын күрделі операция жасады. Ер адамның өмірін құтқару үшін тілінің бір бөлігін алып тастады. 

Операциялық блокта жатқан науқастың қатерлі ісігі 3-ші дәрежелі екен. Дәрігерлер 60 жастағы ер адамның тілінің бір бөлігін алып тастайды. Олай болмаған жағдайда науқас өліп кетуі мүмкін. Аталған отаны жасауға 7 сағат уақыт кетеді.

«3-ші сатысында 60-65 пайызы жазып алуға болады. Бұл емдеу жолдары өте күрделі болады. Сәулеменен, дәріменен не болмаса ота жасалып емделеді.  Кей кезде өте қатерлі ісіктер болған кезде, көмейді толық алып тастап, мойында тек тесік қалады. Ондай адамдарға біз Қазақстанда қазір дыбыс протездері бар. Оны бірден қойып береміз, адам көпшілікпен сөйлесіп жүре береді», - деді Қазақстан онкологиялық және радиологиялық зерттеу институтының дәрігері Ғалым ӘДІЛБАЕВ.

Дәрігер айтқан дыбыс протезі Игорь Примаға осыдан 8 жыл бұрын орнатылыпты. Ота жасамас бұрын, түрлі емшілерге де барған көрінеді. Алайда, пайдасы болмаған.  

«Соңғы уақытқа дейін жүре бердім. Демала алмай қалған кезде ғана дәрігерлерге келдім. Бірден ота жасауға алып кетті. Содан бері осындай аппаратпен жүрмін. Қиындық тудырмайды. Тек көп қимылдаған кезде ғана кедергі келтіреді», - деді Игорь ПРИМА.

Қазақстан 2015-ші жылдан бері Еуропаның бас пен мойынды зерттеушілер қоғамына мүше. Содан бері жыл сайын «бас пен мойын ісігін» диагностикалау апталықтарын өткізіп келеді. Еліміздің 6 қаласында өткізілген шара нәтижесінде 800-ден аса адам тексерістен өтіп, оның 29-да аты жаман ауру анықталыпты.

«Азаматтардың 70 пайызы ауру асқанған кезде бірақ келеді. Әлем бойынша "бас және мойын қатерлі ісігімен" ауыратындардың саны 6-шы орында. Егер науқастар аурудың бірінші сатысында емделгенде толық айығуға болады. Сондықтан олардың кейбіріне дыбыс протезін қоюға тура келеді», - деді  Қазақ онкология және радиология зерттеу институтының директоры Диляра ҚАЙДАРОВА.

Жыл сайын Қазақстанда бас және мойын қатерлі ісігімен 2 мыңнан аса адам ауырады. Дәрігерлер «жылына 30-ға жуық ота жасаймыз», - дейді. Науқастың аты жаман аурудан айығып кету мүмкіндігі сатысына байланысты. Егер 3-4-ші дәрежедегі қатерлі ісік болса, онда науқастың сауығып кету мүмкіндігі аз. Ал, дер кезінде ауруды анықтап, ота жасалса 100 пайыз жазылып кетуге болады. Қысқасы ақ халаттылар, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қарастырған абзал - дейді. 

Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы