Алматыда бір жылда 13 мың адам гепатит вирусын жұқтырған

03.08.2018 15:45

Алматыда гепатит дерті дендеп барады. Өткен жылы қалада 13 мыңға жуық адам осы вирусты жұқтырған екен. Қауіпті аурумен сырқаттанғандардың дені ересектер. Дегенмен, 237 науқас – балалар мен жасөспірімдер болған.

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Алматы қалалық филиалында мәлімдеді. Сарапшылардың мәліметінше, қазір әлемде созылмалы В гепатиті вирусын жұқтырғандар саны 250 миллионнан асатын көрінеді. Ал С гепатитіне 71 миллион адам шалдыққан.

Вирустың дәл осы екі түрі адам өміріне аса қауіпті. Яғни, ауру асқынған жағдайда өкпе циррозына, одан кейін қатерлі ісікке алып келеді. Сондықтан, дәрігерлер сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырып отыр. Олар жылына бір рет тексерістен өтіп, В гепатитіне қарсы вакцина салуға шақыруда.

«Гепатит негізі, қан арқылы немесе жыныстық қатынас арқылы жұғады. Қан арқылы деп отырғанымыз, адамға ота жасалған кезде немесе операция кезінде қан жоғалтып, қан құйылған кезде жұқтыруы мүмкін. Болмаса, тіс емдетуге барған кезде,  әйел адамдар өте жиі баратын татуаж, маникюр, педикюр салондарынан жұқтыруы мүмкін. Егер гепатитпен анасы ауыратын болса, оның баласына да жұғуы мүмкін», – дейді қалалық Гепатологиялық орталықтың гепатолог дәрігері Ақтоты АБАТ.