Алматыда бір жылда 76 мыңға жуық ота жасалады

30.12.2016 16:54


Алматыда бір жылда 76 мыңға жуық ота жасалады.  Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы бір жылда атқарған жұмысын қорытындылап, оны жария қылған тілшілер қауымын марапаттады.  Оның ішінде, біздің арна қызметкерлері де бар. 2016 жылы Алматы телеарнасынан Денсаулық сақтау саласына қатысты 100-ге жуық материал жарияланған.  Оның ішінде ота жасау, медицина саласындағы өткір мәселелерге қатысты деректер қамтылған. 

Арнамыздың тілшілері биыл денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстардың денін шартарапқа жеткізуге тырысты. Биылғы жылы қалада 75 мың 451 операция жасалған болса, соның 10 мың 517-сі жоғары мамандандырылған инновациялық технологияларды қолдана отырып жасалған оталар. Біздің арнамыздың тілшілері мұндай жаңалықтарды қалдырмай, қашанда насихаттап отырады. «Алматы» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің шеф-редакторы Үмбетәлі Меймеш пен арнамыздың үйлестірушісі Өтел Роза Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының ерекше ықыласына бөленіп, алғысхаттармен марапатталды. Олардың өз қызметтерінде атқарған жұмыстары бағаланып, еңбегі еленді.

«Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының  жұмысын көптен бір көрсететін осы «Алматы» телеарнасы. Барлықтарыңыз мойындайтын шығарсыздар. «Алматы» телеарнасын айтпаса, қателік болар деп ойлаймын. Сондықтан рахмет сіздерге. Істеріңізге сәттілік тілеймін», - деді Роза.

Елімізде заманауи технологияларды қолдана отырып көрсетілетін жоғары мамандандырылған көмектің 66 пайызы Алматы қаласында жасалады екен. Қазір травматология, офтальмология, трансплантология саласында даму көп. Оған қоса медициналық туризмнің де көші ілгері басып келеді. Аталған саладағы жаңалықтарды қалт жібермей жария қылатын тілшілер қауымының еңбегі зор. Оларсыз ешқандай ақпараттың айтылмайтыны аян.

«Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы және осы қаладағы барлық медициналық ұйымдар 2016 жылы әдеттегідей өте үлкен жақсы жұмыстар жасап, республикада жақсы көрсеткіштермен шығып отыр. Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы бүгінгі күні екі бағытта жақсы даму тапты. Егер біздің республикадағы медицина ауруды емдеуге бағытталса, қазір қосымша, тек ауру кезінде емес, ауру жоқ кезінде де денсаулығын сақтау бағытында үлкен даму тауып жатыр», - деді Алматы қаласы медицина колледжінің директоры Ақмира САДЫҚОВА.

Алматы қаласы биыл алғаш рет Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының «Саламатты қалалар» жобасына кірді. Бірқатар денсаулық сақтау нысандары қолданысқа беріліп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда.


Сая Меңдеке, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы