Алматыда биыл тағы 600 аула жөнделетін болады

20.04.2018 15:28

Алматыда биыл тағы 600 аула жөнделетін болады. Алматы әкімі күнделікті жұмыс сапары барысында мегаполистің көшелері мен аулаларын абаттандыру  жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар, Бостандық ауданындағы Гагарин көшесінің жөнделуін тексерді. Ондағы тротуарлар жүргіншілер үшін абаттандырылады, науалар қойылып, қажетсіз конструкциялар мен  қоғамдық кеңістіктегі заңсыз құрылыстар алынады. Жол жиегіне көк шөп егілетін болады.

Жыл соңына дейін Бостандық ауданында 36 көше жөнделіп, 11 қосымша бекет кешендері орнатылады. Сондай-ақ ұзындығы 7 жарым шақырым болатын арық жүйесі жаңарады. 12 жер асты және 7 жер үсті өтпелі жолдарды жөндеу жоспарланған. Аудан тұрғындарының өтініші бойынша, «Южный» және «Дружба» саябақтары ретке келтіріледі. Жалпы, Алматыда биылғы жылы ұзындығы 155 шақырым  болатын 157 көшені жөндеу, сонымен қатар,  Мақатаев, Байтұрсынов және Жароков көшелеріндегі трамвай жолдарын алып тастау мен  оларды  абаттандыру жоспарланған. Алматыны реконструкциялау аясында бірқатар негізгі даңғылдар мен көшелер, соның ішінде Абай, Абылай хан, Достық, Назарбаев даңғылдары және басқалары жаңарады.