Алматыда бой көтерген алып тиіннің мүсіні Қазақстан рекордтар кітабына енеді

10.07.2018 20:20

Бұл жайында аталған мүсіннің ашылуы барысында Қазақстан рекордтарын тіркейтін департаменттің директоры және «Ғалым» баспасының бас редакторы Бақытжан Тастүлеков мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Биіктігі 12 метрден асатын алып тиіннің мүсіні Алматыдағы «Атакент» көрме орталығының алдында бой көтерген. Кәдімгі сабаннан тұрғызылған бұл мүсінді жасау үшін шетелдік суретшілер мен мүсіншілер шақыртылған.

«Біз қаламыздағы және елде болып жатқан маңызды оқиғаларды жіті қадағалап отырамыз. Қазақстан рекордтар кітабына енгізу үшін олардың ішіндегі ең маңызды әрі рекордты дегенін тіркеп отырамыз. Бүгінгі тиін мүсінінің ашылуы қаламыз үшін елеулі оқиға. Бұл өте үлкен нысан, сондықтан ол Қазақстан рекордтар кітабына енуге лайықты деп таптық», - деді Бақытжан Тастүлеков.

Бақытжан Тастүлеков осы мүсінді тұрғызуға атсалысқан шығармашылық топ мүшелеріне рекордтар кітабына енгендігі жөнінде сертификаттар табыстады.

Ұлыбританиядан келген суретші әрі жоба жетекшісі Алекс Ринслер аптап ыстықта жұмыс істеудің оңайға соқпағанын айтады.

«Бұл өте үлкен жоба, тиін мүсінін тұрғызу үшін көптеген адам жұмылдырылды. Көптеген қалада түрлі жануарлардың инсталляциясын жасадым. Бұл тиін қарапайым адамдарға арналған. Инсталляция 9 айда ғана тұрады және уақыт өте келе өзгеріп отырады. Дәл сол алаңды неліктен таңдадық? Себебі, ол қаланың қақ ортасы. Суреттен көрген адамдар мүсіннің Алматы қаласында тұрғанын бірден таниды»,– деді суретші.