Алматыда жалған iPhone смартфондарын жасаумен айналысқан астыртын цех анықталды. Алаяқтар телефонды жұртқа танымал "Аэровокзал" сауда орталығының аумағында әзірлеген. Кейін дайын өнімді қаладағы ірі сауда дүкендеріне сатып отырған. Тіпті, Қазақстанның басқа өңірлеріне де Айфонның түпнұсқа құнымен бірдей етіп, қымсынбастан саудалап келіпті. Тексеріс кезінде қоймадан 30-дан аса жалған телефон тәркіленді. Контрафактілік өнімнің бөлшектері Қытайдан келген болса, жүйелік тақтасы түпнұсқа екен. Сондықтан, жалған телефонды түпнұсқадан ажырату мүмкін болмаған. Қазір күдіктілер қамалып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Телефонды қосқан кезде оның түп нұсқа мен айырмашылы жоқ. Оны тек ашып қана көруге болады. Бүгінгі таңда қылмыстық іс қозғалды. Материалдардың барлығы жиналғаннан кейін сотқа жіберілетін болады», - деді МКД түсіндіру жұмыстары департаментінің басшысы Заңғар ШЫНДАЛИ.