Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, бөтеннің мүлкін заңсыз иемденген «қара риэлторлар» бандасына сот үкім кесті. Айыпталушылардың жетеуі бас бостандықтарынан айырылса, қалған үшеуіне шартты түрде жаза тағайындалды. Ал бұл алаяқтар бандасын құрған подполковник шенінен айырылып тынды. Оған тіпті өмір бақи мемлекеттік қызметте істеуіне тыйым салынды. Бірақ заңсыз сатылған мүліктердің тағдыры әлі шешілген жоқ.
Риэлторлар, нотариустар, заңгерлер мен полицейлерден құралған бұл топ, жұртты алдап-арбап мүліктерін жалған құжатпен сатқан. Қылмыстық топтың құрбаны - жоқтаушысы жоқ қайтыс болған адамдар, жалғызбасты зейнеткерлер, психикалық диспансерде есепте тұрғандар және ішімдікке салынған азаматтар болған.
Алаяқтар құрыққа түскен құрбандарының мүліктерін, ақша арқылы қосымша адамдардың атына аударып отырған. Ал арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін, жалған құжат жасайтын арнайы аппараттар қолданыпты. «Қара риэлторлар» бандасының басында 2 полицей тұрған. Олардың бірі майор болса, ендігісінің шені подполковник. Сот оларды шенінен айырып, өмір бақи мемлекеттік қызметте істеуіне тыйым салды.
«Сот Исмаилов Надар Эрнестұлын "Ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны" үшін, "алаяқтық жасағаны" және "жалған құжат жасағаны" үшін айыпты деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырады. Сондай-ақ, оны подполковник шенінен айырып, өмір бақи мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салады»,-деді Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Бақытхан БӘКІРБАЕВ.
Қылмыстық топқа жетекшілік еткен бұрынғы тәртіп сақшысы енді 9 жылын қатаң тәртіптегі колонияда өткізетін болса, қалған сыбайластары 8 бен 6 жыл аралығында жаза арқалады. Ал үш айыпталушы тіпті шартты түрде босап шықты. Дегенмен жәбірленушілер бұл үкіммен келіспеді. Өйткені алаяқтар сатқан 6 пәтерге салынған шектеу әлі шешілген жоқ. Енді заңсыз саудаланған мүліктердің тағдыры азаматтық сотта қаралмақ.
«Үкімнің басты бөлігі заңды, өйткені алаяқтарға өздерінің қылмыстарына қарай заңды үкім шығарылды. Алайда біздің жәбірленушілердің жанайқайы естілмеді. Әлі де біздің мүлкіміз кепілде тұр. Алайда біз осымен ары қарай аппеляциялық сатыда өзімізді адал сатып алушы ретінде тануын сұраймыз және ары қарай азаматтық тәртіппен қаралуын жалғастырамыз»,-деді жәбірленуші Р.Тайғараеваның адвокаты Шолпан ӘБУ.
Енді алаяқтардың арам пиғылдарына еш күмәнданбай, пәтерлерді жалған құжатқа сатып алып, сан соққан жәбірленушілер шағымдануға бел буып отыр. Айта кетсек 2014 жылы құрылып, 2 жылға дейін әрекет еткен бұл қылмыстық топтың үстінен қозғалған іс 100 томнан асып жығылады. Олардың құрбандары әлі де болуы мүмкін деген болжам бар.
Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов АТ