Алматыда жалғызбасты әйелдің қос пәтерін алдап сатқан полицей сотталды

18.04.2018 в 00:24

Алматыда ауыр қылмыс жасаған полицейге үкім шықты. Бүгін жалғызбасты әйелдің қос пәтерін алдап сатып, оның ұлын өлтіртпек болған полицейге сот үкім кесті. Лауазымын асыра пайдаланып, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған бұрынғы тәртіп сақшысы 16 жылға сотталды. Ал оның сыбайласы енді 12 жылын тар қапаста өткізеді.

2 жарым айдан астам уақытқа созылған сот процесіне бүгін нүкте қойылды ақыры. Судьяның үкімін тыңдауға барша жәбірленушілер мен сотталушылардың туыстары түгел жиылды. Осыдан бірер сағат бұрын ғана соңғы сөзін айтып, қазыдан «әділ шешім шығарыңыз» деп қиыла сұраған бұрынғы полицейдің, яғни сотталушы Оңғарбаев Арлидің көңіл-күйі мүлдем жоқ. Сот залына кірген судья Бәкірбаев бұрын Әуезов ауданында полицей болып қызмет еткен Оңғарбаевқа 16 жыл, ал оған қылмыс жасауда қол ұшын берген сыбайласы Әлішер Жаңабаевқа 12 жыл жаза тағайындады.

«Оңғарбаев Арли 16 жылға бас бостандығынан айырылсын. Ол жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтесін және 5 жыл мемлекеттік қызмет істеуіне тыйым салынады. Сондай-ақ аға лейтенант шенінен айырылсын. Оңғарбаев Арли жәбірленуші Шульгина мен оның ұлына 2 млн теңге моральдық өтемақы берсін. Ал оның сыбайласы Жаңабаев Әлішер 12 жылға сотталсын. Сондай-ақ ол да жәбірленушіге 2 млн теңге моральды шығын өтейді. Жаңабаев жазасын өтіп біткенен кейін, 5 жылға Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынады. Жалпы көлемі 4 млн теңге болатын моральды шығын 1 айдың ішінде өтелуі тиіс», - деді Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Батырхан БӘКІРБАЕВ.

Айтып өтсем, сотталған екі азаматтың бірі - Оңғарбаев Арли. Ол  Әуезов ауданының Ішкі істер басқармасында учаскелік полицей болған. Құзыретін асыра пайдаланған ол 2015 жылы сыбайласымен бірлесіп, жалғызбасты әйелді қулықпен алдап, оның қос пәтерін 20 миллионнан астам теңгеге сатып жіберген. Сөйтіп, қомақты қаржыны қалтасына басқан соң, келіншекті шетелге құлдыққа жіберіп, ұлын өлтіртпек болыпты. Тәртіп сақшысы ұйымдастырған қылмыстан жапа шеккен әйел, енді полицейлерге сенуім екі талай деді.

«Міне, 3 жыл болды жатақхананың шағын бір бөлмесін жалға алып өмір сүріп жатқанымызға. Оның өзінің ақысын әрең төлеп, күнімізді әзер көріп жүрміз. Сот екеуіне тиісті жаза берді деп ойлаймын. Өтелетін моральды шығынның құнымен келісемін. Ендігі біздің бар мақсатымыз - пәтерді қайтару үшін материалдық шығынды өндіріп алу», - деді жәбірленуші Татьяна ШУЛЬГИНА.

Басы-қасында полицейдің өзі тұрған жантүршігерлік қылмыста тағы бір күдікті бар. Ол - сотталған сақшы Оңғарбаев Арлидің туған ағасы, Оңғарбаев Әсет. Қазір аталмыш азамат іздеуде жүр. Тергеу материалдары бойынша, ол да қылмыс жасауға атсалысқан.


Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы