Алматыда жаңа ережелерді елемеген жасыл автобус жүргізушілері жұмыстан қуылады

28.02.2018 07:56

Алматыдағы жасыл автобустардың жүргізушілері жаңа ережемен жүреді. Қала әкімдігінен субсидия алып отыратын жеке тасымалдаушылар қатаң талаптарды орындауға міндетті. Жүргізушілер бұрынғыдай рөлде шылым шегіп, телефонға жабыса алмайды. Ережелерді елемеген жүргізушілер қомақты сыйақыдан қағылып, тіптен  жұмыстан да қуылулары мүмкін.

Бұл автобустарын жаңалап, жеңілдігі бар жолаушылардың шығынын әкімдік тарапынан толтырып жүрген «Алматыэлектротранс» компаниясы. Жеке тасымалдаушыда жұмыс істейтін Сәкен Бораев оларға қатаң талаптар қойылғанын айтады. Бірақ бұл тәжірибелі жүргізуші үшін түкте қиын емес. Тек жолаушылармен сөзге келмеу мәселесіне келгенде таяқтың екі ұшы бар, дейді. Көп жағдайда адамдардың өздері автобус айдайтындарды сыйламай, жекитіні жүрегіне батады.

«Жиі болады. Үндемей отырам. Қоя саламын. Үндемей қоям. Болды, тыңдамай отырам. Ол өзі сөйлеп-сөйлеп қояды. Басқа не істеймін? Жолаушымен сөзге мен сізге айтайын енді әр рейс сайын келуге болады. Келуі мүмкін. Осы біз үндемей қоя саламыз», - деді Сәкен БОРАЕВ.

Жеке тасымалдаушыға субсидия бөлетін әкімдік келісім-шарт негізінде ереже бекіткен. Онда жүргізушілер этикасы, көлік құралын басқару талабы, жолаушылармен қарым-қатынастың қандай болу керектігі тайға таңба басқандай жазылған. Енді жаңа автобусты айдайтындар жол қозғалысы кезінде ұялы телефонмен сөйлесіп, шылым шегіп, шулы әуен қойып жұрттың мазасын алмайды. Аталған құжатпен толығырақ қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының сайтында танысуға болады.

«Бізді субсидиялайтын келісім-шартта қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жаңа ережелер пайда болды. Айыппұл бұзған ережеге байланысты есептеліп, 1-ден 10 пайызға дейін субсидиядан ақша ұсталып отырады. Былтыр біз ішкі тәртіпке бағынбаған 60-тай жүргізушіні жұмыстан шығардық. Бастапқыда 6 ай сайын алатын айлыққа пара-пар сыйақыдан айырылады. Кейін ескерту, қатаң ескерту, тіпті жұмыстан да кетеді», - деді «Алматыэлектротранс» ЖШС директоры Ризван ЦИНАЕВ.

Бұдан бөлек, автобустың іші таза, жүргізуші униформамен жұмысқа шығуы да қатал бақыланады. Осыған дейін, зағип жандар ескерткен ескертпе де ережеде ескеріліпті.

Енді екі айдан кейін Алматыдағы жаңа автобустарда аялмадамалар хабарлайтын құрылғы іске қосылады. Ол GPS навигатор арқылы қоғамдық көліктің жеткен жері жайлы дыбыстық ақпарат беріп отырмақ. Өйткені, бұл қызмет жолаушылар арасында кең сұранысқа ие.

Қалалық әкімдік қоғамдық көлікте қызмет сапасын арттыратын талапты тек субсидия алатындарға ғана қойған. Бірақ бұл өзге жеке тасымалдаушыларға тайраңдап жүруге болады деген сөз емес. Ал жасыл автобустар көрсеткен қызметке халықтың көңілі толмаса «Open Almaty» қоғамдық қабылдауына шағым қалдырса болады. Ол міндетті түрде қаралып, ережені ескермегендер тиісінше жазаланады.


Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы