Алматыда «Жас ғалым» халықаралық конференциясы өтті

11.04.2018 00:50

Алматыда жас ғалымдардың талантын ашып, шығармашылығын шыңдайтын халықаралық жиын өтті. Әлемнің алты мемлекетінен келген профессорлар тәжірибелерімен бөлісіп, қазақстандық студенттердің қабілеттерін бақылап көрді. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған конференция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отыр.

«Жас ғалым» халықаралық  конференциясына еліміздің ізденімпаз жастары мен олардың ғылыми жетекшілері қатысты. Сонымен қатар, Қырғыз, Өзбекстан, Шотландия, Ұлыбритания, АҚШ және Польшадан келген профессорлар арнайы шақырылған. Олар қазақстандық  жас ғалымдарға 1 апта бойы тренинг өткізген. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына жылдам қосылу үшін шетелдік мамандардың тәжірибелерін қолдану  өте маңызды. Бұл бір жағынан адами капиталды дамытуға зор мүмкіндік береді.

«Мысалы, сізде танымал, жақсы ғалым болу үшін ол кісіде бір стратегиялық жоспар болу керек. Сондықтан осындай бүгін тақырыптарды біздің жас ғалымдарға үйретіп жатыр шетелден келген әріптестеріміз. Олардың бұл орайда тәжірибелері өте үлкен. Сондықтан біз осындай конгрессіміздің жас ғалымдарымыздың дамуына өте үлкен үлес қосады деген сеніміміз мол», - деді Алматы қаласы Еуразия технология университетінің ректоры Жанар ТЕМІРБЕКОВА.

Жиында шетелдік профессорлар өз баяндамаларын оқып, ғылыми жобаны қалай жасау керектігін студенттерге айтты. Одан бөлек, өнертапқыштарға тек табысты ойламау керектігін түсіндірді. Керісінше, қоғамға пайдасы бар жобаларды іске асыруға талпыну қажет дейді. 

«Қазақстандық студенттердің аяқ алысы жаман емес. Мұнда жас ғалымдар бір-бірімен жарыса оқиды. Түрлі жаңашылдық ашып, қоғамға пайдасы бар жобаларды ашқылары келеді. Сондықтан бізде үйренемін деп тұрған адамға тәжірибемізбен бөліскенді жөн көрдік», - деді профессор Рафиз АБАЗОВ (АҚШ).

Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында жазылғандай, жаһандық нарықта сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсынуды үйрену керек, дейді ғалымдар. Конференцияға келген қонақтар қандай салада ғылыми зерттеу жасау керектігімен бөлісті.

«Осы күні әлем ғалымдары жаңартылатын қуат көздерін пайдалану жолында еңбек етіп жатыр. Қазақстан мұнай мен көмірге бай мемлекет. Бірақ одан да бас тартатын кез келеді. Қазақстандық жас ғалымдар жаңартылатын қуат көзін қолданатын жаңа жобалар жасау керек», - деді Абертей университетінің аға оқытушысы Николай МУРАВЬЕВ (Шотландия).

«Жас ғалым» халықаралық конференцияға еліміздің 20 университетінен студенттер қатысты. Жиында өздерінің баяндамаларын оқыды. Ең қызықты деген еңбекке мақтау қағаздары табысталды. Еске салайық, ғалымдардың бас қосуы осымен 5-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұйымдастырылған.