Алматыда жезөкшелер ордасы талқандалды

10.01.2017 16:14

Алматыда кезекті жезөкшелер ордасы талқандалды. Құзырлы орын өкілдері жеңіл жүрістілерді қаладағы белді мейрамханалардың бірінен анықтаған екен. Олар кешеннің жертөлесін жалдап, тән саудасын қыздырыпты. Ал, желік қуған клиенттердің дені - қытай азаматтары. Ұсталғандардың барлығы аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілді. Ал, мейрамхана иесіне қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Дастан Сейілханұлы жалғастырсын.


Жүздерін жасырып, тілшілерге тіл қатудан бас тартқан қылықтылар тән саудасын ұзақ уақыттан бері қыздырып келген. Полицейлер оларды осы мейрамхананың жертөлесінен анықтапты. Жасырын орынға, әсіресе, қытайлық меймандар жиі бас сұғатын көрінеді.                                                                                             


Желік қуған клиенттер Алматыға жұмыс бабымен келген. Тексеріс кезінде, жеңіл жүрісті қыздардың бірінен ақша толы амиан анықталды. Арасында қытайлық валюта да бар. Құзырлылар осы орыннан бас-аяғы 32 жезөкшені матады. Арасында жүкті келіншектің де бары анықталды.                              


«Жер төледе негізінен караоеке бар болған, соған келушілерге жеңілжүрістілер қызмет көрсетіп келді. Олардың әрбірінде киімкешектерін салатын өзінің ұяшықтары болған. Ұсталған қыздардың барлығы өзіміздің елдің тұрғындары»,- деді Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі, Салтанат ӘЗІРБЕК.¤


Бұл операцияға полиция жіті дайындалыпты. Оқиға орнынан дәйек заттар алынды. Тән құмарлар топтасқан жерге ауа жортып жүре беретін бөкендер бұл жолы сақшылардан сытылып кете алмады. Барлығы аудандық бөлімшелерге жеткізілді.


«Жеті қытай азаматы ұсталды. Олардың барлығы Алматыға жұмыс бабымен келгендер екен. Полицейлер оларды бөлімшеге жеткізіп құжаттарын тексерді»,- деді Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі, Салтанат ӘЗІРБЕК.              


Қалталыны қолтықтағандарға кімнің жеңгетайлық еткені әзірге белгісіз. Ал, мейрамхана иесіне "жезөкшелерді бұқпантайлап" келгені үшін қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.


Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы