Алматыда діни ағымдарды қадағалау қатаңдатылмақ. Ол үшін арнайы сайт іске қосылды. «интерактивті діни карта» деп аталатын жобада барлық ұйымдар мен культтік ғимараттардың орналасқан жері, жұмыс істейтін адамдардың тізімі мен олардың атқаратын міндеттеріне дейін жазылады. Тіпті, рұқсат етілген діни кітаптардың тізімі де жіпке тізілген. Бастысы - теріс пиғылды ұйымдарды байқаған бұқара тікелей сол сайт арқылы хабар беру мүмкіндігіне ие болады.
«2011 жылдан бері бүгінгі күнге дейін, 10 шақты діни ұйым заңсыз қызмет атқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Осы біздің жобаның мақсаты-қалған тіркелмеген ұйымдардың өкілдері заңға қайшы уағыздарын жасап отырған кезде, біздің Алматы қаласының тұрғындары ресми түрде осы сайт арқылы хабарлама бере алады», - деді Дін Істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Нұрлан ҚИҚЫМОВ.
¤Ал 2011 жылға дейін бір ғана Алматыда 300 діни ұйым жұмыс істеп келген. Алайда, одан кейінгі тіркеуден оның 178-і ғана сүрінбей өткен екен. Яғни, қалғандары өз жұмыстарын тоқтатты деген сөз. Заңсыз ұйым ашып, өз беттерінше деструктивті ағымды қолдағандар 113 мың теңге айыппұл төлейді. Ал діннің атын жамылып жымысқы әрекеттерін доғармаса, азаматтық жауапкершілік қылмыстық іске жалғасуы әбден мүмкін.