Алматыда екі ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды

13.12.2017 21:49

Алматыда Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері екі ұйымдасқан қылмыстық топты анықтады. Күдіктілердің бірі жалған кәсіпкерлікпен айналысса, екіншісі, салық төлеуден жалтарған. Олардың мемлекетке келтірген шығыны 1 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі хабарлады. Олар 11 айда атқарылған жұмысты қорытындылады. Мамандар бір жылда 1 миллион 300 мыңға жуық жалған есептік-бақылау маркалы алкогольді өнімді тәркілеген. Арақ-шарап өнімін шығаратын 13 жасырын цехты анықтаған. Сондай-ақ жүргізілген жедел-іздестіру шаралары кезінде жалған ақша жасайтын цех тауыпты. Алматы қаласы Алатау ауданы Әйгерім ықшамауданында 2 мың теңгелік купюраны шығарумен айналысқан қылмыскерлердің бірі 5 жыл 7 айға, екінші сыбайласы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, орнатылған заңсыз ойын автоматтары айналымнан шығарылды.

«Экономикалық тергеу қызметі ағымдағы жылдың 11 айында 836 қылмысты тіркелген. Оның басым бөлігі экономикалық қылмыстар, экономикалық контрабандалық, одан кейін салықтан жалтару фактілері бойынша, жалған ақша жасау фактілері бойынша, заңсыз ойын бизнесі бойынша қылмыстар», - деді  Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметі бақылау басқармасының басшысы Абылай МЫРЗАХАНОВ.

Ал 8 млрд теңгеге жуық соманы жымқырды деп айыпталған «Алматыметроқұрылыс» акционерлік қоғамына қатысты қылмыстық іс әлі қаралып жатыр. Бұл істің бір жылға жуық қаралуы  бірнеше сараптаманың бекітілуімен байланысты, дейді мамандар. Оны көлік прокуратурасы өз бақылауына алған. Атап өтерлігі, биыл қылмыстық іс көлемі екі есе төмендепті. Былтыр оның көрсеткіші 1 мың 370-ті құраған.