Алматыда электронды қызмет көрсету саласы әлі де кенжелеп тұр. Былтырғы жылы халыққа қызмет көрсету орталықтарына келген адамдардың тек 48 пайызы ғана өздеріне қажет құжаттарды электронды үкімет арқылы рәсімдеген. Қалғандары жеке мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болыпты. Өйткені, көптеген қызмет түрлері әлі де электронды форматқа көшіп үлгермеді. Одан бөлек, халыққа қызмет көрсету орындарының көбінде электронды кезек атымен жоқ. Жұрт мамандардан кеңес алып, бір тілім қағазды рәсімдеу үшін сағаттап күтуге мәжбүр. Бір терезе арқылы жұмыс істейтін мекемелер саусақпен санарлық. Ал кембағалар жандарға мүлде жағдай жасалмаған. Осындай бассыздықты жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлері анықтады. Мобильді топ Алматыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын, медициналық мекеме мен миграциялық полиция бөлімшесін тексеріп, ондағы былықтарды әшкере қылды.
«Мемлекеттік қызмет түрлерін толықтай электронды форматқа көшірмейінше, жемқорлыққа тойтарыс беру мүмкін емес. Осы салада үлкен жұмыс атқардық. Енді оны жүйелі түрде іске асыра беруіміз керек. Өйткені, бұл бір реттік сипаттағы жұмыс емес. Қазір Қазақстан электронды қызмет көрсету саласы бойынша әлемде 33-орынға көтерілді. Ал оңтүстік-шығыс Азия елдері арасында 7-орындамыз. Бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ әлі де дамытуымыз қажет», - деді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик ШПЕКБАЕВ.