Алматыда "ең үздік салық төлеушілер" анықталды

30.11.2016 19:34

Салық төлеу - ардың ісі. Алматыда кезекті рет "ең үздік салық төлеушілер" анықталды. Мемлекеттік кірістер департаменті мен кәсіпкерлер палатасы бірігіп, жыл бойы жақсы көрсеткішке қол жеткізген іскерлерді іріктеді. Олар - тиянақты қызметтерімен өзгелерге үлгі көрсетіп жүр.

 Ардың ісін абыроймен өтеп жүрген кәсіпкердің бірі - осы, Айбек Бектұрғанов. Шағын және орта бизнес өкілі отандық киім-кешек пен аяқ-киім шығарумен айналысады. Мекемесін осыдан 3 жыл бұрын құрып, қазір өнім көлемін ұлғайтыпты. Фабрикада 500 адам еңбек етеді. Әзірлеген бұйымдары ел нарығын толықтай қамтып отыр. Сұраныста бірте артқан.                 

 «Біздің ерекшелігіміз - аяқ киімнен бөлек, үстіге киетін киімдерді де шығарамыз. 12 цех бар. Былтыр біз 200 мыңнан астам аяқ киім шығардық, 700 мыңнан астам киімдер шығарғанбыз»,- деді Кәсіпкер, Айбек БЕКТҰРҒАНОВ.

 Алматыда "Үздік салық төлеушілерді" марапаттау жыл сайын өтеді. Биылғы байқауда 3 үміткер озат танылып, кірістер департаментінің алғысына бөленді. Сайысқа 200-ге жетеғабыл кәсіпкер қатысқан деседі. Ұйымдастырушылар оларды іріктер кезде, бірнеше талап қойған. Үдеден шыққандары - енді елге үлгі.                     

 «Ең басты талаптары - ол салық қарыздығы жоқтығы, салық заңнамасын орындауы. Табыстары жоғары болып, қызметкерлеріне тұрақты түрде айлық төлеп тұрса және сол айлықтары қаладағы орташа жалақы көлемінен артық болса, ол - жақсы көрсеткіш болып есептеледі»,- деді Алматы қаласы МКД түсіндірме жұмыстар басқармасының басшысы, Заңғар ШЫНДАЛИ.