Алматыда әлемнің түкпір-түкпірінен келген екі мыңнан аса инноватордың басы бір жерде тоғысты. Олар медиа, бизнес және мәдениет саласында жаңа идеяларды енгізу бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Аталған шара дәстүрлі халықаралық Go Viral фестивалі аясында ұйымдастырылып отыр. Оған қатысу тегін. Биыл өтініш білдіргендер қатары екі есе артқан.
Бұл бағдарлама ойын даун, аутизм және жүйке жүйесі-неврологиялық ауытқуы бар балалардың ой-өрісін дамытуға арналған. Оны отандық инклюзивті білім беру орталығы пәкістандық мамандармен бірлесіп әзірлепті. Қазіргі таңда орталықта білім алып жатқан ерекше жеткіншектер осы жоба бойынша оқытылып жатыр.
«Мұнда жеткіншектер жазуды да үйренеді. Аталған бағдарламада әр баланың дерегі сақталады. Сол арқылы әр қайсысының жеткен жетістігін бақылауға болады. Олар жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Балалардың ойынға қызығушылығы жоғары»,-деді инклюзивті білім беру орталығының техникалық директоры Сабина ИСМАИЛОВА.
Аталған әлеуметтік жобадан бөлек, басқа да өнертапқыштар өз жұмыстарын ұсынды. Медицина саласындағы жаңа технологиялар мен оқу жүйесіндегі өзге де жаңашылдықтарын көпшілік назарына ұсынды. Технология аймағы қалада екінші рет ашылған Go Viral фестивалі аясында жұмыс істеп отыр.
«Фестиваль аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Шараның аясында шетелден келген сарапшылар өз тәжірибелерімен бөліседі. Біз бұл фестивальді медиа, бизнес және мәдениет саласында тәжірибе алмасатын алаңға айналдыруды көздеп отырмыз»,-деді Америка Құрама Штаттарының Алматыдағы бас консулы Марк МУДИ.
Go Viral фестиваліне екі мыңнан аса азамат қатысты. Былтыр олардың қатары екі есе аз болған. Бүгін бастау алған халықаралық шара үш күнге созылады.
Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы.