Алматыда қараусыз қалған жер телімі қоқыс полигонына айналып бара жатыр

05.04.2018 00:40

Алматыда қараусыз қалған жер телімі қоқыс полигонына айналып бара жатыр. Өйткені, ол аумаққа кім көрінген тұрмыстық қалдықты тастап кететін көрінеді. Соның кесірінен маңайға егеуқұйрықтар қаптап, жергілікті тұрғындар ауру жұқтырамыз ба деп қауіптеніп отыр. Ал қоқыстың иісі қолқаны қабады.

Күн жылынса болды, Саурық батыр көшесіндегі тұрғындардан маза кетеді. Біраз уақыт мүлдем тазалық көрмеген аумақтан шыққан күлімсі иіс қолқаны қабады. Себебі, қараусыз қалған жер теліміне өткен-кеткеннің бәрі тұрмыстық қалдықтарын әкеп тастаған. Тіпті, тышқандарда өріп жүреді дейді жұрт. Кесірінен өзен арнасы қатқыл қалдыққа толып, қоқыс полигонына айналуға шақ қалыпты.

«Жолдың арғы бетіндегі көршілеріммен, өткен-кеткен адаммен алысып мезі болдым. Олар қоқысты тастағандарын мойындамайды. Дабыл қағып бірталай мекемеге де бардым. Бірақ жауаптылардан бұл қоқысты бір адам келіп көрген емес», - деді Темірхан МҰХАМБЕТОВ.

«Жақында ауру жұқтырып алмасымызға кім кепіл? Тышқандар өріп жүреді. Қоқыстың көптігі сонша, қаңғыбас иттер де қаптап кетті. Түнде маскүнемдердің мекені. Негізі бұл қалдықтарды жоғарғы жақтағы көпқабатты үйде тұратындар лақтырады деп күдіктенеміз. Ал біз өз қоқысымызды жұма күні арнайы машинамен шығартамыз. Бізге осы жерге ең болмаса контейнерлер қойып берсе екен. Сонда адамдар қоқысты өзен бойына лақтырмас еді», - деді Вера ЗАВОДИНА.

Салақ көршілерінен мезі болған тұрғындар талай жылдан бері күл-қоқысты өз күштерімен тазартып келген. Тіпті, 4 рет тонналаған топырақ әкеліп, қоқысты көмгізіп тастапты.

«Мына қоқыспен алысып келе жатырмыз. Өз ақшамызға тракторды жалдап, сағатына 5000 болатын ол кезде, қазір шамамен 8000 мың деді ғой деймін. Әр  жыл сайын мынаны көмеміз жақсылап. Көмгеннен кейін қайтадан», - деді Зәбира ҚЫДЫРБЕКҚЫЗЫ.

Тұрғындар соңғы рет бұл жердегі таудай етіп үйілген қоқыстың бетін қараша айында ғана топырақпен жауып, жасырған екен. Алайда, одан қайран болмапты. Салақ адамдар иесіз қалған жер телімін бір қыстың ішінде қоқыс полигонына айналдырып жіберіпті. Ал қазір талай жылдан бері жатқан қалдықтар шіріп, маңайды күлімсі иіс жайлаған.

Бұл былықтан жергілікті билік өкілдері хабардар. Бірақ жер телімі жеке тұлғаға тиесілі болғандықтан, қоқысты жер иесіне тазарту міндеттелмек. Ал телім қожайыны табылғанша, маңайды аудандағы тазалыққа жауаптылар тазартатын болады.

«Әкімдік тарапынан да өзеннің бойы, негізі, тазалану керек. Енді бұл жер басынан бастап ешқандай тазаланбаған қоқыс. Қыстың күні қардан ештеңе көрінбеген. Қазір қар еріген кезде барлығы шығып жатыр. Енді қолға аламыз. Бүгіннен бастап 1 жеті уақыт мерзімін белгілейміз. Ауданның қазір балалары келді, соларға тапсырма береміз», - деді Алматы қаласы қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.

Бір жетінің ішінде маңайды мұнтаздай етеміз деген экологтар бұдан былай аумаққа арнайы адам қойып, қоқыс тастағандарды қолға түсірмек. Оларды, тіпті, әкімшілік жазаға тартпақ. Сондай-ақ жол жиігіне «қоқыс төгуге тыйым салынады» делінген арнайы тақтайша орнатпақшы.


Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Теги: қоқыс