Алматыда қайтыс болған адамдардың мүлкін заңсыз иемденген риэлторлар ұсталды

13.01.2018 01:30

Алматыда бөтеннің мүлкін заңсыз иемденген алаяқ риэлторларға қатысты  сот процесі өтіп жатыр. Олар қайтыс болған адамдардың, жалғызбасты зейнеткерлер мен ішімдікке салынған азаматтардың пәтерін тартып алып, саудаға салған. Ұйымдасқан қылмыстық топқа 30-дан астам адам мүше болған.  Қатарында риэлторлардан бөлек, нотариустар, заңгерлер мен полицейлер де бар. Алаяқтар жалған құжаттар арқылы, 20-ға жуық пәтерді сатып үлгерген көрінеді. 

Бөтеннің мүлкін басып алды деген айыппен күдікті болған бір топ адамға қатысты сот отырысы, Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Бүгінгі соттағы айыпталушы 10 адам да, олардың қорғаушылары мен тіпті кей жәбірленушілер де түсірілім тобына қуана қоймады. Сондықтан бет-жүздерін көрсетпеуді талап етіп, тіпті бізді залдан аластатуды сұрады. Алайда, судья заң жүзінде сот отырысының ашық режимде өтетінін қадап айтты. Бүгінгі сотта қалада ұйымдасқан 4 қылмыстық топтың тек біреуінің тыңдалымы өтті. Айыпталушы орындығында 10 адам отыр. Қатарында риэлторлар, нотариустар, заңгерлер мен тіпті полицей де бар. Олар жалған құжат жасап, қайтыс болғандардың, жалғызбасты зейнеткерлер мен ішімдікке салынған азаматтардың пәтері мен жер учаскесін тартып алып саудаға салған.

«Алмалы ауданының әкімшілігі бұл сотқа жәбірленуші тарап ретінде қатысып отыр. Сотталушылар психикалық диспансерде тіркеуде тұрған Ивановтың сеніміне кіріп, оның Панфилов көшесіндегі пәтерін тартып алып, сатып жіберген. Ал, өзін ауруханаға жатқызып тастаған. Мұндай деректер өте көп. Күдіктілер Бостандық ауданында қайтыс болған бір азаматтың да пәтерін заңсыз саудалапты. Біз мүліктердің өз иесіне және мемлекет меншігіне қайтарылуын  талап етеміз», - деді Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімшілігінің заңгері Нұрлан БОЖЕЕВ.

"Қара риэлторлар" бандасы 2014 жылы құрылып, 2 жылға дейін әрекет етіп келген. Жұртты алдап-арбаған қылмыстық топтың жетекшісі нотариус болған. Айыпталушыларға қозғалған іс бүгінде 100 томнан асып жығылады. Олар арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін жалған құжат жасайтын арнайы аппараттар қолданыпты. Ал құрыққа түскен құрбандарының мүліктерін, ақша арқылы қосымша адамдардың атына аударып отырған.

«Бір күні нотариус Имашева Ләззат хабарласып, дәмханаға кездесуге шақырды. Ол жерге Роза Хамраева екеуіміз бардық. Сатылған пәтердің ақшасынан 2000 долларды нотариусқа бердік. Тағы 2000 долларды Хамраеваның өзі алды. Жалпы пәтерді сатуды бастаған Елена Гурская болса 23 мың долларды өз қалтасына салды», - деді куәгер Риза МҰСАХАНОВА.

Жәбірленушілер мен куәгерлердің айтуынша, қазір осындай қылмысқа қатысы бар 30-дан астам адам сотталып жатыр екен. Ал, прокурорлар "қара риэлторлар" бандасы 17 мүлікті жалған жолмен қолға түсіріп, сатып үлгергенін мәлімдеді. Олардың барлығы бір-бірін таныған, яғни ұйымдасып қылмыс жасаған деген болжам бар. Бастапқыда 4 қылмыстық топтың ісін бір судья қарамақ болған екен, алайда залдың тарлығына байланысты сот тыңдалымдарын бөлу туралы шешім шығыпты. Айта кетсек, айыпталғандар алаяқтық дерегі үшін сотталуда.

 Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы