Кенеден сақтану. Алматыда кене энцефалитіне қарсы екпе жұмысының маусымы жалғасуда. Тұрғындар тұрғылықты мекен-жайы бойынша қаладағы емханаларда вакцинацияны тегін ала алады. Вакцинация - кене энцефалиті ауруының алдын-алудың ең тиімді әдісі. Қалада жылына орташа есеппен 4 мыңнан 7 мыңға дейін тұрғын кене энцефалитіне қарсы екпе алады.
«Кене энцефалитіне қарсы екпе жұмыстарын егер де кімде-кім күзгі, қысқы айларда алып үлгермесе, онда жедел түрде схемасы бар. Бұл екі кезеңнен тұрады. Екеуінің арасы екі аптаға дейін қысқартылады. Дегенмен де, табиғи ошаққа шығардың алдында барлығы осы екі апта бұрын осы кене энцефалитіне қарсы екпе жұмысын, екпені алуы керек»,- деді Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бөлімінің бас маманы, Бибігүл НҰРҒАЛИЕВА.
Мамандардың сөзінше, зиянкестерден зардап шегу қаупі сәуір айынан қазан айына дейін созылады. Олардың ең белсенді кезеңі мамыр-маусым айлары, сондықтан осы уақытта аса сақ болуы керек. Өткен жылы дәрігер көмегіне үш мыңға жуық тұрғын жүгінген. Олардың жартысынан көбі балалар.