Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше флешмоб өтті

04.06.2018 16:23

Алматыда 5 мыңнан астам оқушы мен колледж студенттері мерекелік парадқа қатысты. Алдымен Жібек жолы мен Абылайхан көшелерінің қиылысындағы алаңда шығармашылық ұжымдар концерт қойды. Кейін қатысушылар жаңарған Панфилов көшесімен жүріп өтіп, шеруді Астана алаңында ерекше флешмобпен аяқтады. Қала тұрғындары мен қонақтарына отандық эстрада жұлдыздары да өнер көрсетті. Костюмды театрландырылған қойылымды қоюға 60 шақты отандық маман 2 айдай уақыт дайындалған. Осылайша Алматыда 1-ші маусым  Балаларды қорғау күні ауқымды көлемде тойланды.

«Әрине әр түрлі қиындықтар болды. Ауа-райының ыстықтығы бар біздің Алматының. Дегенмен де балалар шыдады. Өте жақсы деңгейде өтті деген баға алып жатырмыз. Әрбір баламен жеке-жеке постановка жасалды. Би, оның ішінде әр түрлі өнерпаздардың ән айтуы, сахнаға шығуы, әр түрлі жанрдағы билер қолданылды. Оның ішінде, инструменталды әндерге сүйемелдеу болды. Оның ішінде, заманауи билер болды. Хип-хоп сияқты. Басқа стильдегі билер болды»,-деді қоюшы-режиссер Руслан ЫСҚАҚОВ.

Шерудің басты мақсаты - жастардың патриоттық сезімі мен отансүйгіштік қасиетін арттыру. Ал ауқымды шараның көркін Астана алаңында қалықтаған "Рухани жаңғыру" бағдарламасының символы қыран құс кіргізді. Сап түзеп жүрген балалар мен жастардың үстіндегі әр түрлі киім үлгілері алаңның ажарын аша түсті. Оны Алматы әкімдігі мен білім басқармасы бірігіп, арнайы тіктірген. Оның ішінде, кейбір командалар өздері тігіп алған.


Теги: флешмоб