Алматыдағы барлық ветеринарлық зертханаларға, базарлар мен жәрмеңкелерге және мемлекеттен субсидия алған мекемелер қызметіне бұдан былай Қоғамдық кеңес бақылау жүргізеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алынған бұл жүйе жақын арада жүзеге асады. Алматы қаласы Ауылшаруашылығы басқармасының қоғамдық кеңес алдындағы есебінде жәрмеңкелер мәселесі де қаралды. Кеңес мүшелерін алаңдататын жағдай ол - алыпсатарлардың бағаны шарықтатуы. Бірақ жауаптылар мұның да шешімін тауыпты.
«Жәрмеңкелерді ұйымдастырумен айналысатын арнайы мекеме бар. Егер баға саясатына сатушы тарап өзгеріс енгізсе, онымен жасалған келісім бұзылады. Қазір Алматыда өткізілетін жәрмеңкелерге өз тауарларын қойғысы келетін 71 шаруа қожалығы кезекке тұрып жатыр. Келісім-шартты бұзған өнім жеткізушілердің орнына кезекте тұрғандар шақыртылады. Алайда, өнімнің бағасы оған деген сұранысқа да тікелей байланысты екенін ұмытпайық», - деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Айдын КЕРІМБЕК.