Туған өлкесінің тарихын білетін, құндылықтарын қадірлейтін, рухани болмысы бай ұрпақ қана бәсекеге қабілетті болмақ. «Әдебиет қоғамдық сананы жаңғыртудың негізі» деп аталған отырыста қалалық қоғамдық кеңес мүшелері осындай пікір айтты. Рухани жаңғыру мақаласының мәнін айқындап, міндеттерін жіпке тізген белсенділер ұлттық болмысымызды байыту жолдарын талқылады. Туған жерге деген сезімді нығайту, бүгінгі қоғамға ыңғайластырып қазақстандық жаңа мәдениет қалыптастыру жайы сөз болды. Дамыған заманда жастар тек Қазақстанмен шектелмей, өзге елде жұмыс істеп, тіпті өмір сүруі мүмкін. Бірақ басқа жерге көшсе де қазақ пен қазақ арасындағы байланысты әдебиет арқылы ұстап тұруға болады, дейді. Жиында сөз алғандар бүгінгі әдебиетте дамудың болғанымен, оны оқитын, санаға тоқитын оқырманның аз екенін айтып қынжылды.
«Менің түсінігімде ұлттық код бірінші кезекке шығады. Яғни, сіз Бразилияда біреумен дос болуыңыз мүмкін, үш жыл оңтүстік Кореяда оқуың мүмкін, бірақ ешқашан қай жерде жүрсең де ұлттық болмысыңды ұмытпа. Ұлттық код, ұлттық жады сенде сақтаулы тұруы керек. Бұл жерде ең негізгі жауапкершілік әдебиетшілерде. Себебі, адамды осы жермен байланыстыратын дүниені көрсететін, жеткізетін ең бірінші біздің әдебиетшілер», - деді Алматы қаласы коғамдық кеңесінің мүшесі Дәурен БАБАМҰРАТОВ.