Қазақстанда 350 отбасыға үйде ішімдік ішуге тыйым салынды

Қазақстанда 350 отбасыға үйде ішімдік ішуге тыйым салынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда 350 отбасыға ішімдік ішуге тыйым салынды. Өйткені, ата-аналар арам суға сылқия тойып алып, кәмілеттік жасқа толмаған балаларын қараусыз қалдырған. Енді олар спирттік сусынды қоғамдық орындарда ғана емес, өз үйлерінде де ұрттауларына болмайды. Бұл әрекет Әкімшілік кодекске енген бірқатар өзгертулерге орай іске асып отыр. Енді сот Ішкі істер департаментінің өтінішімен ата-аналарға ішімдікке сылқия тоюға тыйым сала алады. Осыған дейін инспекторлар бірнеше рет мас күйінде ұсталған отбасыға ешқандай жаза қолдана алмай, тек ескертумен шектелген. Ендігі жаза 15 тәулікке дейін қамау.

«Сот ата-анаға тыйым салса, тұрған жеріне қарамастан оларға арам суды ұрттауға болмайды. Қазір елімізде 10 мың жағдайсыз отбасы тіркеуде тұр. Осындай жанұялардың алғашқы критерийі - араққа әуестік. Былтыр сәуірде әкімшілік өзгертулер енгізгенен кейін 350 отбасыға тыйым салынды. Бұл институтты ары қарай дамытып, сотпен ары қарай да бірге жұмыс істейміз», - деді  ҚР ІІМ жергілікті полиция қызметінің жұмысын үйлестіру басқармасының басшысы Алексей МИЛЮК.

Жыл сайын бала тәрбиесіне қатысты міндетін орындамаған 5 мың ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соның 1 мыңы ата-аналық құқығынан айырылады. Осыған орай, елімізде ата-ананың негізгі міндеттерінің тізімі және кәмелеттік жасқа толмағандар арасында әлеуметтік-медициналық есеп жүргізу ұсынылып отыр. Яғни, полицияның тіркеуімен қатар, жергілікті атқару органдары да әлеуметтік мәселені шешуді қолға алады. Әзірге тиісті заңнама Парламентте қаралып жатыр.

«Айтып ғана қоймай, іс жүзінде көптеген шараларды өткізуіміз керек. Өздеріңізге белгілі статистикаға сүйенсек, жыл сайын балаларымыздың арасында зорлық-зомбылық көрген балалардың саны азайып келе жатыр. Бұл әрине, қуанарлық жайт. Өйткені, әрбір бала бақытты болуға міндетті. Барлық ұйымдармен бірлесіп, әрбір балалардың қандай проблемалары бар, біз келген баланы зорлық зомбылыққа барып қойған соң, айтпауымыз керек», - деді ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас САДУБАЕВ.


Новости партнеров