Алматыда көлік қозғалысын қалт жібермейтін «Сергек» камералары іске қосылды

29.08.2018 23:42

Алматыда «Сергек» камерасы іске қосылды. Тас жолдағы тәртіпті мұқият бақылайтын бейнекамераның бұл түрі әзірге тек Абай даңғылы мен Сейфуллин көшесінің қиылысында орналасқан. Ал жақын күндері Шевченко және Панфилов көшелеріне де қойылмақ. 

«Сергек» қазірше тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Демек, камералар жол ережесін бұзғандарды анықтағанымен, оларға айыппұл жазылмайды. Жүргізушілерге мұндай рақымшылық қашанға дейін жалғасады?

«Бүгінгі күні қалада бір аппараттық жүйе қойылды. Ол Абай даңғылында орналасқан. Негізі, оны қояр алдында әрине, көп жұмыс атқарылады. Полиция көлік ең көп жүретін жерлерді таңдап, автобус пен велосипедтің арнайы жолдары бар көшелерге 20 шақты аппараттық жүйе орналастырады. Әрине, бірден айыппұл жазыла бастамайды. Ол алдымен 2018 жылдың соңына дейін пилоттық режимде жұмыс істейді. Ең бастысы, көлік жылдамдықты асырса, айыппұл салады. Сондай-ақ, қызыл бағдаршамға өткенде және автобус пен велосипедтің арнайы жолдарына шыққанда, айыппұл салынады», – деді жобаны жүзеге асырушы компания жетекшісі Әсет АXМЕТОВ.