Алматыда колледж студенттері ұлттық спорт түрлерінен өзара сайысқа түсті

14.12.2017 22:26

Алматыда колледж студенттері ұлттық спорт түрлерінен өзара сайысқа түсті. Турнир Тәуелсіздік мерекесіне және Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековты еске алуға арналған. Жарысқа 4 колледж қатысты. Олар арқан тарту, асық ату және тоғыз құмалақ ойнаудан сынға түсті. Жеңімпаздарға құнды сыйлықтар мен мақтау грамоталары табысталды. Мұндай доданы ұйымдастырудағы басты мақсат - жастардың патриоттық сезімдерін күшейту, ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Осылайша Қазақ бас сәулет құрылыс академиясы Тәуелсіздік мерекесін тойлауды алғашқылардың бірі болып бастады. Өйткені, Халықтың Қаһарманы атанған Қайрат Рысқұлбеков осы оқу орнында тәлім алған.

«Тәуелсіздік алу немесе қандай да бір жеңіске жету - кез келген мемлекетке оңайға соқпайды. Сондықтан бүгінгі турнир Халық қаһарманын еске алуға арналып отыр. Жастар өзінің батырын білу керек. 1986-шы жылы біз құндылықтарымыздан айырылдық, рухани жұтап қалдық. Сондықтан осындай еске алу шараларын көбірек өткізуіміз қажет. Әрі, бүгінгі жарыс «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр», - деді  Республикалық «Желтоқсан – 86» қозғалысының төрайымы Гүлбахрам ЖҮНІС.