Алматыда "Қорқыт" қоғамдық қоры зағип балалар оркестріне аспаптар тарту етті

Алматыда "Қорқыт" қоғамдық қоры зағип балалар оркестріне аспаптар тарту етті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Бұлақ көрсең - көзін аш". Алматылық зағип балалардан құрылған қазақ халық ұлттық аспаптар оркестрі жаңа музыкалық инструменттермен толықты. "Қорқыт" қоғамдық қоры жас дарындарға осылайша шығармашылық қолдау көрсетті. Қор қайырымдылық кеш ұйымдастырып, балалардың ескірген аспаптарын жаңартуды көздеген.

Көрермен мен тыңдаушының көңілін табу үшін балалар сахнаға шығарда тынбай дайындалады. Жанарлары жарықтан ада болғанымен, жас дарындардың әуенге деген әуестігі басым. Сондықтан да бұл Островский атындағы зағип және шала көретін балаларға арналған мектеп-интернатында 10 жылдан бері музыкалық оркестр жұмыс істейді.

«Мен 7-ші сыныптан бастап оркестрге қатыстым. Ұрмалы аспаптарда ойнадық көбіне. Бізде сыныпта көп оқушылар қатысады. Мектеп бойынша да ондай үйірмелер өте көп. Тек қана оркестр емес драма, басқа да үйірмелер де өте көп. Қызығушылық бәріне бар», - деді Мадияр ЕРЕЖЕ.

Қазір мұнда көзінде ақауы бар 200-ден астам бала білім алып жатыр. Оқуды бітірген түлектер көбіне музыка саласынан өз орындарын табатын көрінеді. Жыл сайын республикалық, қалалық байқаулардан жүлде  иеленіп жүрген білім ордасы, балалардың шығармашылық қабілетіне жіті көңіл бөледі.

«Музыкаға балалар өте жақын. Әрине бізде жалғыз оркестр емес, ансамбль, скрипка, баян, домбыра ансамбльдері бар», - деді  Н. Островский атындағы зағип және шала көретін балаларға арналған №4 мектеп-интернатының директоры Рахмет НҰРАХМЕТОВ.

Десе де интернат жанынан құрылған оркестр сахнаға жалға алынған аспаптармен шығуға мәжбүр. Бұған дейін қолданылып келген инструменттер ескіріп, тозығы жетіпті. Оркестрге жетекшілік етіп жүрген дирижер Серік Нұртазин шығармашыл топтың мұндай кем-кетігін барынша білдіртпеуге тырысады. Ол балалардың игілігі үшін өзінің студент шағынан жинап келген аспаптарымен тәлімгерлерді машықтандырып жүр.

«Бұларға жасаған еңбегің көрінеді да. Сосын өзіңде бір үлкен сезім пайда болады. Адам рухани демаласың осындай балаларды үйреткеніңе. Енді қазір сол контрабасты жаңаласақ деген ой бар», - деді Н. Островский атындағы зағип және шала көретін балаларға арналған №4 мектеп-интернаты қазақ халық ұлттық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, дирижёр Серік НҰРТАЗИН.

Мектептің мұндай мұқтажын естіген "Қорқыт" қоғамдық қоры қайырымдылық кеш ұйымдастырып, одан жиналған қаржыға музыкалық аспаптар сатып алуды көздепті. Концертке зағип балалардың өздері де қатысып, қазақ күйлерін көрермендерге орындап берді.

«Бүгінгі жиналған қаржыдан мына балаларға аспап алайық деп жатырмыз. Айта кететін мәселе, жас бала 16 жастағы өзінің жинаған ақшасынан мына балаларға контрабасс домбыра алып берді. Енді мен оған өте қуаныштымын. Өйткені Қазақстанда сондай балалар болғаны еліміздің болашағы зор деп ойлаймын», - деді «Қорқыт» қоғамдық қорының директоры Дана МЕЙІРБЕКОВА.

Қордан бөлек, кешке қатысқан көрермендердің ішінен оркестрге  қымбат аспап сыйлаған жомарт жандар да табылды. Енді жеткіншектер құны 200 мың теңгеге дейін бағаланатын контрабас домбыралармен күй шертіп үйренетін болады.

Назкен Байтілес, Рашиддин Якупов, Асет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров