Алматыда Көшелер күні аталып өтуде. Демалыс күндері Медеу ауданында Төле би көшесі күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шараға аудандық әкімдік пен Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұйытқы болды. Мыңға жуық студенттер мен қала тұрғындары театрланған қойылыммен қатар, «Төле би - ұлт кемеңгері», «Төле би көшесінің тарихы» сынды көрмелерді тамашалауға мүмкіндік алды. Айта кету керек, Төле би көшесі 1927 жылға дейін «Гимназиялық» деп аталды, одан кейін «Комсомол» деп өзгертілді. Көше бойында бірқатар тарихи ғимараттар орналасқан. Олардың қатарында 1887 жылы бой көтерген Бегалин атындағы балалар кітапханасы, ерлер пансионат гимназиясы, тіпті бұрынғы жоғарғы Кеңес ғимараты да осы көшеде орналасқан. Шараны ұйымдастырушылар мың жылдық тарихы бар Алматының «әр бір көшесі тұнып тұрған тарих» - дейді.
«Алдымызда әлі жылдың соңынан дейін тағы да осындай көшелер күндерін атап өту жоспарымызда тұр. Бұл бастама ары қарай жалғасады. Өйткені, өскелең ұрпақты рухани азықтандыру мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары саналады», - деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ.