Алматыда қызғалдақтар фестивалі өтеді

28.04.2018 в 02:48

Алматы тұрғындары мен қонақтарын алдағы демалыс күндері қызыққа толы шаралар күтіп тұр. Барлық афишаны ақтарып шыққан әріптесім Жадыра Омаржан алдағы сенбі, жексенбіге және 1 мамыр - Ынтымақ күніне Алматыда жоспарланған концерттер, қойылымдар мен көрмелер жайлы айтып береді.

Көктем көркі - қызғалдақ. Көздің жауын алатын гүлдер алқабын жексенбі күні Орталық саябақта өтетін фестивальде тамашалай аласыздар. Сондай-ақ ұйымдастырушылар биыл тұңғыш рет «Президент Назарбаев» деп аталатын қызғалдақтың жаңа сортын еккен екен. Оны голландиялық  ғалымдар еліміздің жүрегі - Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Елбасына арнайы сыйлапты. Қазір сабағы биік, жапырағын кең жаятын 10 мың түп қызыл түсті қызғалдақтың бұл түрі Алматыдағы Орталық саябақ пен Тұңғыш Президент бағында өседі. Ал «Мың бір кызғалдақ» фестивалі аясында 3 мың шаршы метрге бұл әсем гүлдердің басқа да түрлері егілген.

«Фестивальде сіздер құлпырған қызғалдақ алқаптарын көресіздер. Одан бөлек, балалар мен ересектерді жалықтырмайтын мерекелік іс-шара дайындадық. Қызғалдаққа қатысты түрлі конкурстар мен мастер класстарға қатыса аласыздар. Флористер арасында гүлден костюм жасаудан сайыс өтеді. Балалар арасында асфальқа сурет салудан да байқау ұйымдастырдық. Шара таңғы 10-нан басталып, кешке таман бірақ аяқталады. Концертте біздің кішкентай бүлдіршіндер өнерлерін көрсетеді», - деді  Алматы қаласы «Жас натуралистер станциясы» МКҚК директоры Зейнеп АРИШЕВА.

Жалпы әлемде ғұмыры шамамен 2 аптадан 1 айға ғана созылатын қызғалдақтардың 100-ге жуық түрі бар. Жері құнарлы Қазақстанда оның 39-дан астам сорты өсіріледі. Тез солатын  болса да бұл гүлдерден асқан әдемі өсімдік жоқ, дейді «Жас натуралистер станциясының» директоры Зейнеп Аришева. Сондай-ақ 1 мамыр күні алматылықтар жылдағы дәстүрден алшақтамай бірлік күнін көппен бірге дүрілдетіп атап өтеді. Халық үшін шатырлар тігіліп, түрлі ұлттың өкілдерінің тағамдарынан дәм татуға болады.

«Ынтымақ күні Республика сарайының алдындағы Абай алаңында сағат 11.00-ден бастап кешкі сағат 23.00-ге дейін тойланады. Мерекелік концертте эстрада жұлдыздары мен түрлі этнобірлестіктің ұжымдары өз өнерлерін көрсетеді. Сол күні кешкі сағат 19.00-де жастардың жүрегінен ерекше орын алатын жас әнші Айқынның жеке концерті болады. Кейін атақты «Хор Турецкого» халықты арнайы құттықтауға келеді», - деді Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ханзада ЕСЕНОВА.

Жалпы бұл мейрамды Алматының 8 ауданы да тойлайды. Шаралардың өтетін уақыты мен мекен-жайы туралы толық ақпаратты аудан мен қаланың Мәдениет және архивтер басқармасының сайтынан қарауға болады. Одан бөлек, алдын ала айта кетейік, мамыр айындағы атаулы күндер 7 мамыр, яғни Отан қорғаушылар мен 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні де биыл жылдағыдан ерекше тойланбақ. Ол туралы ақпаратты келесі аптада айтатын боламыз. Алматы әкімдігі дүйім жұртты алдымен 1 мамыр мерекесін тойлауға шақырады.

Сондай-ақ сәуірдің 28-і мен 29-ы күндері Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөсіпірімдер театрының алдындағы саябақта шеберлер жәрмеңкесі өтеді. Онда Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден келген қолөнершілер киізден, ағаштан, керамикадан және былғарыдан жасалған туындарын көпке көрсетеді. Оған қоса, сағат 12.00-ден 15.00 аралығында шеберлер мастер класс өтеді. Демалыс күндеріңіз мәнді, әрі сәтті өтсін.


Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы