Алматыдағы "Орбита" ықшамауданында ломбардты тонаған тұрақты клиент ұсталды. Ұры әккі әрекетіне тыңғылықты дайындалған. Алдымен алтын қабылдайтын орталықтың жұмыс кестесі мен қауіпсіздік деңгейін жіті бақылап жүрген. Еш жерде жұмыс істемейтін 32 жастағы азамат сол маңда тұратын болып шықты. Тіпті ломбардқа өзі де жиі құнды металлды өткізіп, ақша алып жүрген көрінеді. Қарақшылық жасаған күдікті менеджерді ойыншық қарумен қорқытып, ломбардттан құны 7 млн теңге болатын алтын мен сандық техниканы алып кеткен еді. Енді ол 7 жылдан 12 жылға дейін темір торға қамалуы мүмкін.
«Бұл істі тергеуге арнайы тергеу тобы құрылып, нәтижесінде сол күні кешке таман сезіктінің аты-жөнін анықтадық. Бірақ ол полиция қызметкерлерінен қашып кетпек болған. Бірақ оның ойы жүзеге аспады. Ол қазіргі таңда ұсталып, қамауға алынды. Дәйекті заттардың тең жартысынан көбі тәркіленді. Біраз ақшаны жаратып тастаған», - деді Алматы қаласы IIД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.