Алматыда Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына орай бюст-ескерткіш ашылды

16.11.2017 21:32

Алматыда Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына орай бюст-ескерткіш ашылды. Мүсін Мәншүктің бала кезінде білім алған ордасы №28-ші мектеп-лицейіне орнатылды. Мұнда қазақтың қайсар қызы 1935-1937 жылдар аралығында оқыған. Тіпті мектеп жанынан құрылған шағын мұражайда оның өзі отырған партасы да сақталыпты.  Білім ошағы қаладағы тарихы терең мектептердің бірі. Сұм жылдарда қан майданға дәл осы мектептен 125 оқушы аттаныпты. Оның үшеуі ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған. Соның бірі - Мәншүк Мәметова. Өрімдей қыз Отаны мен репрессияға ұшыраған әкесін қорғау үшін қанды ұрысқа аттанып кетсе керек.

«Мәншүк 41-ші жылдан бастап соғысқа сұранды. Ол кезде сондай бір қаулы шыққан болатын. Егер өзі сұранып, еркімен барған адамдардың әкелері ақталады деген. Сол ниетте ме, басқа ниетте ме әлде өзінің отансүйгіштігі ма сол итермелеп, осы Отан соғысына апарды», - деді М. Мәметованың немере сіңлісі Айман МӘМЕТОВА.

Ескерткіш авторы Тілеуберді Бинашев еліміздің талай тұлғаларын мүсіндеп, тасқа жан бітіріп жүрген суретші. Ол алғаш рет Мәншүк Мәметованың мүсінін осыдан 40 жыл бұрын қалаған екен. Сондай сәт тағы туып, мүсінші қаһарман қыздың бейнесін жасаған кезде оның сұлулығын айшықтауға көп көңіл бөліпті.

«Интернетті аштық, кітаптардан қарадық, зерттедік. Ол жерде мен тек қана Мәншүк апамыздың сұлулығын, даланың қызы қазақтан шыққан, соның көркін, майданға дейінгі сұлулығын суреттедік», - деді мүсінші Тілеуберді БИНАШЕВ.