Алматыда Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына орай халықаралық ғылыми симпозиум өтті

28.09.2017 23:06

Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы кеңінен тойланып жатыр. Алматыда атаулы датаға орай халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Жиынға тек елімізден ғана емес, алыс жақын шетелден ғалымдар мен әдебиеттанушылар қатысты. Олар қазақ әдебиеті классикасының шығармашылық және ғылыми мұралары жөнінде және оның заманауи ғылым мен әдебиетте алар орны туралы сөз қозғады.


«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мұхтар Әуезов тума дарындылығымен қатар, өзі өмір сүрген трагедиялық жағын да танытып кетті. Ол жарқын публицист, танымал очеркист, талантты драматург, қазақтың ойшыл гуманисті, Абайдың өмірі мен қызметі жайлы жазу арқылы қазақ халқының өмірлік энциклопедиясын әлем әдебиетіне танымал етті. Өзі де шексіз даңққа бөленді. Ол көшпенділер тарихын шебер суреттеу нәтижесінде өзін де, Абай кешкен дәуірдің заңды жалғасы етіп, көрсете білді» деп сан қырлы талант иесіне лайықты бағасын берген еді», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан  БАЙБЕК.

 

¤Мұхтар Әуезов Семей, Ташкент, Ленинград қалаларында білім алып, бар ғұмырын шығармашылыққа арнады. 1930 жылдардан бастап Алматы қаласына қоныс аударған. Алып шаһар туралы «Алматы» атты шығармасы шыққан. Ойшыл ақынның атына арнап қалада ескерткіш тақта орнатылған. Сондай-ақ өзі тұрғызған Төлебаев көшесіндегі үй де көздің қарашығындай қорғалады.


«Мұхтар Әуезовтің негізгі мамандығы түркітанушы. Мен де осы мамандық бойынша білім алдым. Қазір осы салада қызмет етіп келемін. Бүгінде ұлы жазушының шығармалары жан-жақты зерттелуде. Ойшыл ақынның еңбектеріне қызығушылық жоғары», - деді филология ғылымдарының кандидаты Зифа-Алуа ӘУЕЗОВА (Нидерланды).