Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетілді

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз


 Алматыда дамуында ауытқуы бар 5 мыңға жуық мүгедек-бала бар. Олар, арнайы бала-бақшалар мен мектеп интернаттарында тәрбиеленеді. Бүлдіршіндерге мемлекет тарапынан  жан-жақты қолдау көрсетілгенмен ата-аналарды алаңдатып отырған басқа мәселе. Сая Меңдеке тарқатсын.

"Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мәселесі бүгінде бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Осы бағытта елімізде көптеген бірлестіктер мен орталықтар кембағал жандардың өздерін қоғамның толық мүшесі етіп сезінуі үшін, оларға қандай да бір көмек болсын деген ниетпен түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Осындай форумның бірі - Алматы қаласында өтті. Мұнда жарымжандар өздері мінберге шығып, өз проблемаларын көпшілік алдында айтуға мүмкіндік алды".

Туа сала кемтар Әли Қобыланбаев қазір 26 жаста. Қаладағы қоғамдық бірлестіктердің біріне 3 жылдан бері барып жүр. Содан бері, Әли мұндағы балалармен араласып, біраз нәрсе үйреніп-білген. Әйтсе де, бұл бірлестік тек белгілі бір жас аралығындағы жасөспірімдерді қабылдайды. Ал, анасы баласының болашағына алаңдайды. Сондықтан, ересектерге жасалар өзгеше жағдай болса дейді.

«Біздің де мәселемізді шешіп, біз кетіп қалғанда, балаларымыз кімге керек. Енді бір қоғам ашылса ма деп, бір-біріне қарайласып, көмектесіп, жәрдемші болып, Алланың құдіретімен, бастықтарымыз естіп, бізге көмек берсе екен. Бірдеңе үйреніп, үйде отырмай, телевизордың алдында отырмай, осындай өз қатарында жүргеніне шүкір деп айтамын. Жұмысқа да мен тұра алмаймын. Себебі, мен баламды қалай тастап кетемін. 24 сағат уақытымды балама бөлемін»,- деді Ата-ана, Майра ҚОБЫЛАНБАЕВА.

Мүмкіндігі шектеулі балалар өздері жасаған бұйымдарын форумға ала келген. Олар, шама-шарқы мен ақыл-ойы жеткенше түрлі жануарлар мен құстардың пішінін жасапты. Бүгінде, кембағалдарға әлеуметтік қызмет көрсететін «Рух» бірлестігінде 64 бала бар. Олар күнделікті 4 сағат уақытын осындай істерге арнап, ешкімнің көмегінсіз қолөнер жасап үйренеді. Аталған мекеме 18 жастан асқан балаларға қолдау көрсететін қаладағы жалғыз орталық.

«Үйдің ішінде ғана емес, басқа да шаралар арқылы осындай балаларды өмірге бейімдеу.  Өздеріне-өздері қызмет көрсете білуі, жан-жақты қолөнерлері. 10 жыл бойы осы Рух  бірлестігі ментальды шектеулі балалар мен ересектерге көптеген көмегін көрсетіп, ата-аналарға жеңілдік жасап келе жатқан қорлардың бірі»,- деді Форум ұйымдастырушысы, Лола КЕМПІРБАЕВА.

Сондай-ақ, Алматы қаласында, №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы бар. Онда дамуында ауытқуы бар 146 балаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бірақ, ата-аналарды алаңдататын мүлдем басқа мәселе. Бауыр еті балалары ержеткен соң, мұндай орталыққа қабылдануы неғайбыл. Сондықтан, қазірден бастап жасөспірімдердің жақсы нәтижелерге қол жеткізуі барынша маңызды. 

«Бүгінгі форум ерекше. Олар біздің тарапымыздан қолдау қажет етеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамға бейімделу керек, сол себепті біз барынша қол ұшын созуымыз керек»,- деді Алматы қалалық маслихатының депутаты, Роза БАДАЕВА.

Ресми мәлімет бойынша Алматыда 41 мыңнан астам мүгедек тіркелген.  Олардың 24 мыңы 1-ші және 2-дәрежелі, 11 мыңға жуығы  3-ші дәрежелі мүгедектер. Ал «мүгедек-балалар» санатындағылар  -  5 мыңға жуықтайды. 

 Сая Меңдеке, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


 

   

 

Новости партнеров