|
13.06.2018 | 12:21
2035

Алматыда оқушыларға арналған жабық футбол алаңдары салына бастады

Алматыда оқушыларға арналған жабық футбол алаңдары салына бастады

Жаңа оқу жылынан бастап Алматының екі мектебінде жабық футбол алаңдары бой көтереді. Оны қаржыландырған жергілікті кәсіпкер «Туған жер» жобасынан шабыт алса керек. Спорттық нысандар Бостандық және Алмалы аудандарында салынады. Бұдан бөлек құрылымда жүгіру, баскетбол, валейбол алаңдары мен көше тренажерлары да қарастырылмақ.

Оқушыларға арналған жабық спорттық құрылымдардың құрылысы қазір қызу жүріп жатыр. Киіз үй іспетті жасалатын стадионның сырты қазақы оюлармен көмкеріледі екен. Құрылысшылардың айтуынша нысан 9 балдық зілзалаға төтеп бере алады. Кәсіпкердің бұл бастамасы әкімдіктен және жергілікті кәсіпкерлер палатасынан қолдау тауыпты.

«Жалпы бұл идея, Англияда Хаддерсфилд деген қала бар, сол жерде осындай футбол стадионын көрдік. Сол қалада жабық стадион көрген кезде, мен ойладым, не үшін біздің Қазақстанымызда, Алматымызда осындай футбол алаңдары жоқ деп. Қазір сол идеяны жүзеге асырып жатырмыз»,-деді кәсіпкер Ақылбек АҚҚАЙЫР.

Екі нысанның құрылысына 200 миллион теңге қаржы тартылыпты. Мердігер компания күтіп ұстау жұмыстарын да өз мойнына алады. Өйткені жоба өзін 8 жылдан кейін ақтайды. 95-ші, 40-шы мектептердің оқушылары мұнда тегін дайындалып қоймай, өзге де спорттық алаңдардың шарапатын көрмек.

«Әр мектепте екі жабық стадионнан жалпы төрт стадион. УЕФА-ның 2010-шы жылы бекіткен стандарттары бойынша салып жатырмыз. Мектепте таңғы тоғыздан, кешкі алтыға дейін балалар тегін қолдана алады»,- деді кәсіпкер Ақылбек АҚҚАЙЫР.

Жас кәсіпкер қолға алған жобасын еліміздің өзге өңірлерінде де жүзеге асырмақ ниетте. Алаңдардың барлығы дерлік заманауи түрде жасалады. Құрылысқа қажетті заттар тек отандық өндірушілерден сатып алынады. Тек көгал ғана Норвегияда өндірілген. Мектеп стадиондарын салу Алматыдағы қолға алынған  ірі жобалардың бірі.

«Қазір қалалық мәслихаттың шешімімен мемлекеттік жеке меншік серіктестік бойынша жүзеге асырылатын 15 жобаның тізімі бекітілді. Олардың бесеуі көлік және автомобиль жолдары бойынша, құрылыс бойынша бір жоба және экология, білім беру, денсаулық сақтау мен спорт саласына арналған жобалар бар»,-деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының МЖС бойынша сарапшысы Асқар НЕСІПБАЕВ.

6 мың шаршы метр аумақта бой көтеретін спорт алаңдарының құрылысы уақытынан бұрын бітуі мүмкін. Сол себепті 1-ші қыркүйекте оқушыларды тосын сый күтуде.     

Азамат Әуезхан, Қанат Кигізбаев, Алматы телеарнасы.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир