Бұқаралық ақпарат құралдарының бүгіні мен болашағын талқыға салатын мәртебелі жиындар Алматыда жалғасып жатыр. Бүгін Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен «Сананың ашықтығы» атты медиа форум өтті. Халықаралық дәрежеде болған бас қосуға қаламы енді ұшталып келе жатқан тілшіден бастап, майталман мамандарға дейін қатысты. Оған қоса, алыс-жақын елдерден саланы зерттеп-зерделеп жүрген журналистер келді. Отандық журналистикада күйіп тұрған мәселенің бірі-оның мәртебесін айқындап беру дейді аға буын. Сонда ғана «арқалағаны алтын, жегені жантақ» тілшінің тіршілігі түзелмек.
«Журналистің мәртебесін анықтау деген ол осы заңға енгізілетін түзетулердің ішінде болуы керек еді. Сонымен бірге, журналистің әлеуметтік жағдайын көздейтін, мәртебесі айқындалса Ол, қай санатқа жатады? Ол мемлекеттік қызметкердің санатына жатпайды. Бюджет қызметкерінің санатына жатпайды. Соның кесірінен үй алу мәселесі, баспана кезегінде тұру мәселесі үлкен әлеуметтік проблемаға айналып отыр», - деді ҚР журналистер академиясының академигі Нұртөре ЖҮСІП.