Алматыда шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді

Алматыда шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді. Биыл олардың қатары 13 мыңға көбейген. Бизнесмендерге қолдау көрсету мақсатында қалада көптеген мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Былтырдың өзінде шағын несиелеу үшін 3 миллиард теңге бөлініпті. Аталған саланы жетілдіру үшін Президент өзінің үндеуіндегі төртінші бағытты шағын несиелеуге арнады. 

Алматыда шағын және орта бизнеспен айналысып жүрген азаматтар саны 576 мыңнан асады. Өткен жылғы 3 тоқсанда шығарылған өнімдер 14 пайызға ұлғайып, 3,7 триллион теңгені құраған. Қалада кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында 2 мемлекеттік, 4 аймақтық бағдарлама іске асырылуда.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасында кәсіпкерлерге шағын несие беру қарастырылған. Елбасы атап өткендей, қазір өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады. Осы мақсатта 3 миллиард теңге қарастырылған. Серіктес банктер де көп», - деді  Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Айдос СӘКЕНОВ.

Алматылық бизнесмендердің көбі  сауда, қызмет көрсету саласында. Бүгінде олардың жалпы үлесі 60 пайызды құрайды. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында  жалпы мақұлданған жобалардың 30 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Кейінгі кезекте бизнесмендер көлік және қойма, білім салаларын қаржыландыру тұрғысында қолдау сұрайды.

«Кәсібін дөңгелетемін деген азаматтар саны көп. Оған бизнес мектепте кәсіпкерлік негізін үйренемін деушілердің қатарының артуы дәлел. Сұраныс жоғары. Өткен жылы 3 мың адам оқып шықты. Ол азаматтар қазір несие және грант алуға құжаттарын дайындап жүр», - деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат ТЕЛЕБАЙ.

Қазір қалада шағын және орта бизнесте 172 мыңнан аса кәсіпорын тіркелген. Биыл қаңтар айында қазақстандық екінші деңгейлі банктерде рәсімделген несие 83 миллион теңгені құраған. Бұл республика бойынша көрсеткіштің 61,8 пайызы.

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров