Алматыда тағы бір көше пайдалануға берілді. Түрксіб ауданындағы «Жас қанат» ықшам ауданына дейін созылған жолмен қазір қоғамдық көлікте қатынайды. Веложолақ пен жүргіншілер жолы да тұрғындардың көңілінен шыққан. Атқарылған жұмыстардың барысымен Қала әкімі Бауыржан Байбек танысып, жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, сапалы әрі уақытылы тапсырылған жұмыс үшін құрылысшыларға алғыс білдірді.
Багдан Хмельницкий көшесі ұзартылып, «Жас қанат» ықшам ауданында тұратын 11 мыңға жуық тұрғын көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етілді. Ұзындығы 1 шақырымнан асатын жолды салу өткен жылы қолға алынған еді. Алматы әкімі жұмыс сапары барысында жедел дамып келе жатқан елді мекенді қарап шықты.
Жобаның жалпы құны 1 миллиард 700 миллион теңге. Ол республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген. Жұмыс барысында 400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, мердігер компания қала қазынасына 400 миллион теңге салық төлесе, елді мекен тұрғындары бұдан былай жаңа жолмен қатынайды. Өз кезегінде қала басшысы жұмысшыларға алғысын білдірді.
«Мемлекет басшысы айтқандай, қоғамның қозғаушы күші адам еңбегі. Сондықтан, «еңбек адамы» атану үлкен құрмет. Сіздердің алып қолдарыңызбен үлкен үйлер салынуда, жол жасалуда, өндіріс өркендеуде. Бұл қиындығы мен қаупі мол қиын жұмыс, бірақ киелі саналады. Өйткені, осы еңбек арқылы мемлекет дамуда. Сіздер де осыған үлес қосып жатырсыздар. Алғысымды білдіремін»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Бұрын осы маңдағы оқушылар мектепке бару үшін кішкентай көпірмен қатынайтын. Ыңғайлы жол салынғаннан кейін, ықшам ауданның жас тұрғындары да ризалығын білдіріп жатты.
Қаланың жол инфрақұрылымын дамыту үздіксіз жалғасатын істердің бірі. Сондықтан, бұдан бөлек, бірнеше көшелерді ұзарту жұмыстары жүріп жатыр.
«Алматы қаласында бұрынғы Фурманов көшесі, қазіргі Назарбаев даңғылын ұзартып жатырмыз. Сонымен қатар, қала бойынша, 3 жол айрығы салынып жатыр. Құлжа күре жолы мен Рысқұлов көшесінің қиылысында, Сейфуллин көшесі мен Жансүгіров көшелерінің қиылысында, сонымен қатар, Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысында»,-деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары, Сағындық ТЕЛІБАЕВ.
Айта кетейік, Багдан Хмельницкий көшесін ұзарту жұмыстары екі кезеңнен тұрады. Майлин көшесінен бастап «Жас қанат» ықшам ауданына жаңа жол төселсе, келер жылы Сүйінбай даңғылына дейінгі аралық жаңартылады. Сонымен қатар, ықшам аудандағы көшелер де күрделі жөндеуден өтпек.
Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы