Алматыда таксопарк қызметкерлеріне негізсіз айыппұлдар салынған

20.09.2017 22:47

30 айдан кейін көлік өзіңізде қалады деген сөзге сенген азаматтар арыз астында қалды. Алматыдағы таксопаркке жұмысқа кірген 60-тан астам адамның мойынына негізсіз айыппұлдар ілінген. Әкесі мен қызы бірге дөңгелетіп отырған кәсіп несімен зардап шегушілер тұрмақ, адвокаттарды да ашуландырды?

 

Әкесі мен қызы өздерін жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, көліктерді арендаға беріп отырған. Күніне кем дегенде әрбір көлік жүргізушісі 5 мың теңгеден әкеліп отырады екен. Ол 30 айдан кейін сол темір тұлпар өздерінде қалуы керек. Бұл жерде бір қызығы - таксит болып істейтін адам екі жарым жылдың ішінде бір күнін де демалысқа арнай алмайды екен.  Мұндай талапқа соңына дейін шыдамай бір ай бұрын жұмыстан шығатындықтарын ескертпесе 95 мың теңге айыппұл төлейді екен. Оған қоса, күнделікті көліктің жөндеу жұмыстарына деп жинайтын ақша үшті-күйлі жоқ болып, көлікті өткізетін кезде тағы да сол ремонтқа қаржы төлеуге міндетті.


Көлік жүргізуші болып жүріп, өзі айдап жүрген темір тұлпарды тегін иеленгісі келген азаматтың бірі - Мұсабеков Арыстан. Осыдан екі жыл бұрын аяқ асты жұмыссыз қалған ол таксопаркке орналасуға келеді. Өйткені, аталған жеке меншік мекемеге күніне 4 жарым мың теңге аренданың ақысы, оған қоса, көлікті жөндеу жұмыстарына жинақталатын соммаға қосымша 500 теңге тауып беру қиынға соғады. Осылайша, соңғы бір апта бойы жоспарды толыққанды орындай алмай қалады. Сол кезде мекеме басшысы оның мойынында 30 мың теңге берешегі бар екенін ескертеді. Алайда, арада екі жыл өткеннен кейін,  Арыстан Алжанұлының қарызы 200 мың теңеден асып жығылатындығы туралы жазылған қағаз құзырлы органнан келеді. Мұнымен келіспейтін қала тұрғыны сот қандай шешім шығарса да, таксопаркке көк тиын да бермеймін деп отыр.


¤«Мен қалай болмаса да ондай ақшасын төлей алмаймын. Мен де қазір жоқ қой. Олардыкі дұрыс емес. Олар тағы да ақша қосып жіберді», - деді қала тұрғыны Арыстан МҰСАБЕКОВ.

 

¤Иә, мәселенің бәрі мекеменің қарапайым жүргізушінің мойнына іліп қойған қарызының еселеніп кеткенінде болып тұр. Жекеменшік ретінде тіркелген кәсіпкер Тепсаев Ілияс пен оның қызы Тепсаева Мадина  60-тан астам  адамның үстіне арыз түсіріп, ақша өндіріп алмақ болған. Зардап шегушілердің құқық қорғаушылары да, әу баста келісім шартың дұрыс жасалмағандығын алға тартады. Оның үстіне еңбек шарты мүлдем сақталмаған, дейді.


«Егер көлікті арендаға алған адам өз жұмысын тоқтататын болса, бір ай бұрын ескертпегені үшін 95 мың теңге айыппұл төлейді. Бұл қайдан шыққан сомма? Оған қоса көлікті бұздыңдар деп оның жөндеу жұмысына кететін қаржыны тағы да мойындарына іліп қояды. Сонда жұмысшылардың ремонтқа деп күніне  700 теңгеге дейін жылдап берген берген ақшалары қайда кетті?  Оның үстіне мекеме бензинге бір тиын да бермейді. Барлығын көлік жүргізушісі өзі табуы керек. Ешқандай демалыс бермеген. Бұл еңбек шартын толыққанды бұзады», - деді  құқық қорғаушы  Назира БАКИРОВА.

 

¤Көлік жүргізушерінің көпке шыдамайтындығы да сол, олардың  үздіксіз тәуілігіне 15 тен-20 сағатқа дейін жұмыс істеулеріне тура келген. Ал қарсы келіп, ерікті түрде көліктерін қайтарып берейін десе, айыппұл артып өздерін қарыз қылып қояды. Мұндай шартқа келіскен кісілердің өздері кінәлі, дейді мекеменің заңгері.


«Шамамен 20-30 іс өткіздім. Оның жартысы қаралып жатыр. Жартысы қаралып бітті. Көбінесе арыздар өндірілуде», - деді таксопарктің заңгері Айдын ЕРМЕКОВ.

 

¤Бір қызығы жұмысшылардан айыппұл өндіруде алдарына жан салмайтын кәсіпкерлердің  қарапайым кассалық аппараты да болмай шыққан. Ата заңды аттап басты деп арыз жазушы әкесі мен қызы мәселенің мән-жайын өз ауыздарымен айтып беруден бас тартты. Заңды түрде тіркелген жерге түсірілім  тобы  барғанымен, жауаптылар орынында болмай шықты. Әйтсе де, көршілес орналасқан ғимарттан шыққан көлік жүргізушелері дәл осы Тепсаевтар да жұмыс істейтіндіктерін жасырмады. Оған қоса арендаға берілген көліктің ақысын 30 ай бойы өтеп боламын дегенше, бір күн де демалыс ала алмайтындықтарын ашып айтты.    


Басы даудан арылмай келе жатқан қос кәсіпкердің бұдан былай өздеріне де заң алдында жауап берулеріне тура келеді. Өйткені, енді олардың дөңгелетіп отырған бизнестері  қаншалықты әділетті екенін кірісітер департаменті қадағалайды.

 

Әйкерім Ердәулетқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы