Алматыда тәртіп бұзған полицейлердің өздері жаппай жаза арқалады

24.02.2018 20:11

Алматыда тәртіп бұзған полицейлердің өздері жаппай жаза арқалады. Тіпті жергілікті полиция қызметінің 148 қызметкері жұмыстан қуылған. Оның төртеуі сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін істі болыпты. Өткен жылы полиция қызметі 90-нан астам ішкі тексеру жүргізіп, өз құрылымындағы талай былықты әшкере еткен. Тәртіп сақшылары көбінесе жемқорлыққа барып, құзыретін асыра пайдалана түрлі заң бұзушылық жасаған. Әскери ереже мен этика ережелерін бұзғандар да бар. Сондықтан 700-ге жуық полицей тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Погон таққандардың мұндай былығынан соң, бақылау күшейтілмек. Бірінші кезекте учаскелік полицейлерді тексеруге басымдық беріледі.

«Күнделікті нұсқауда ескертулер жүргізіледі. Сонымен қатар, бізде Алматы қаласының шетінде 10 экологиялық постар бар. Сол экологиялық постарға 4 видеокамера орнатып, өзіндік қауіпсіздік кабинетіне және менде өзімнің кабинетімнен оның не істеп жатқанын барлығын әрқашан көре аламын. Бұл жөнінде жұмыс қатаң бақылауда бізде»,- деді Алматы қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасұлан БАЙКЕНОВ.

Дегенмен, полиция қызметкерлерінің жетістіктері де жоқ емес екен. Мәселен, былтыр қаладағы қоғамдық орындардағы құқық бұзушылық санын 18 пайызға қысқартса, көшедегі тәртіпсіздікті  21 пайызға тыйыпты. Учаскелік полицейлер 7000-ға жуық қылмысты ізін суытпай әшкерелеген. Әсіресе, бұрын сотталғандар, ішімдікке салынғандар мен нашақорларға ұдайы тексеріс жүргізеді. Дегенмен, осы санатқа жататындар қалада 140 мыңнан астам түрлі заң бұзушылық жасаған.