|
23.08.2018 | 19:13
1647

Алматыда тестілеуден өткен 900 мұғалімнің жалақысы елу пайызға артады

Алматыда тестілеуден өткен 900 мұғалімнің жалақысы елу пайызға артады

Алматыда инклюзивті білім беретін мектеп жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды қабылдайды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Тамыз кеңесінде мәлімдеді.

Инклюзивті білім ордасы заманауи құрылғылармен жабдықталған.  Ал мұғалімдер енді тек 5 құжатты толтыратын болады. Бұрынғыдай аулаларды аралап, өздеріне тиесілі емес жұмыстарды атқармайды. Алматы қаласы білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде тағы не айтылды?

Алматыдағы ерекше балаларға арналған мектеп 1 мың 200 адамға арналған. Наурызбай ауданындағы инклюзивті білім ордасы әзірге елімізде біреу ғана. Ғимарат толықтай сейсмотұрақты етіп тұрғызылған. Сонымен қатар, ішіндегі жиһаздары қабырғаға бекітілген. Мұндай тәжірибе шетелден алынған екен. Жалпы Алматыда білім саласына 70 миллиардтан астам қаражат жұмсалмақ. Айта кетейік, аталған саланы қаржыландыру соңғы 5 жылда 40 пайызға өскен.  

«Биыл мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 17 миллиард теңге бөлінді. Осы күні №26-шы мектепті жаңарту жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар 90 адамға арналған түзету балабақшасы ашылды. Наурызбай ауданындағы жаңа мектеп сейсмоқауіпсіздік талаптарына сай. Мектеп құрылысы тактилді жолдар, лифт, шақыру батырмасы қойылған арнайы санитарлық бөлмелерден тұрады. Біз таулы аймақта өмір сүргендіктен сейсмотұрақтылық сауалы мазалайды. Мұндағы жиһаздар қабырғаға бекітілген. Бұл тәртіпті барлық білім орнына таратуға тиіспіз. Біз халықаралық жетекші елдердің, оның ішінде, Жапонияның тәжірибесіне сүйенеміз. Төтенше жағдайлар бола қалса жиһаздар құлап, балалардың сыртқа шығуына кедергі жасайды», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Биыл мегаполистің 4 мектебінде сейсмокүшейту жұмыстары жүріп жатыр. Алматыда 1 мың 134 білім беру мекемесі болса, оның 442-сі мемлекеттік, ал 692-сі жекеменшік. Қалада 30 мыңнан астам мұғалім қызмет етеді екен. Шаһардағы білім беру мекемелерінің 57 пайызында ерекше балалардың оқуына жағдай жасалған. Алматыда биыл 75 мыңнан астам тәлімгер жаңартылған білім беру мазмұнымен оқитын болады дейді Білім басқармасының басшысы.

«Өздеріңізге мәлім болғандай, жаңартылған білім беру мазмұнына 2016-шы жылдан бері 1, 2, 5, 7 сынып оқушылары көшкен болатын. Ал жаңа оқу жылында 3, 6, 8 сыныптағы 75 мыңнан аса бала заманауи оқу бағдарламаларымен оқитын болады», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнар ХОДЖАБЕРГЕНОВА.

Биыл Алматыда 71 жекеменшік балабақша бүлдіршіндерді қабылдаған. Тағы 2 мың орынға арналған 9 мектепке дейінгі мекеме салынып жатыр. 4 мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталуға жақын.

Тамыз кеңесінде сондай-ақ, студенттердің білім беру жүйесіндегі өзгерістер айтылды. Енді колледждерде модулдік бағдарлама бойынша білім беріледі. Яғни, 1 диплом бірнеше мамандыққа жарамды болады. Сәйкесінше, жұмысқа тұру мүмкіндігі артпақ.

«Жоғарғы оқу орнында білім алу жеңілдетілді. Енді студент бакалавр бойынша білімді бұрынғыдай 4 жылда емес, 3 немесе 2 жарым жылда алып шығады. Барлығы өзінің қабілетіне байланысты. Мұндай шешім сапалы кадрлар дайындауға септігін тигізеді», – деді ҚР Парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира ИСИМБАЕВА.

Жиында дәстүр бойынша үздік ұстаздар мен мектеп басшылары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап біліктілікті арттыру мақсатында тестілеуден өткен 900 мұғалімнің жалақылары 50 пайызға дейін көтеріледі.    


Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир